"Жағдайымыз төмен": Маңғыстаулықтар өңірде төтенше жағдай жариялауды талап етуде
Жарияланған күні:
Маңғыстаулық шаруалар да өңірде төтенше жағдай жариялануын талап етуде. Себебі, қуаңшылық қысқан сәтте шаруа қожалықтары қатты зардап шегіп отыр деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Ауыл шаруашылығы минстрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевпен өткен кездесуде қоғам белсендісі Жәнібек Қожық құрғақ сөзбен ауыз сүртуді доғару керектігін, одан да нақты іске көшіп, қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға өтемақы төленуі тиіс екенін ескертті.
Оның сөзінше, уақытында тиісті шешім қабылданбаса жағдай бұдан да күрделе түспек.
"Жағдайымыз төмен. Жер болса - мынау, шөптің тұрыстары - мынау. Шөп - 1500 тг. Жем - 1500-ден. 10 кг сұлы 3 мыңнна асады. Түскен зейнетақыға жем алып, өзімізден қалғанын малымыздың аузына беріп жатырмыз. Өлген малдар көп. Өліп жатыр. Жағдай шамалы", - деді шаруа Әбен Кенжебаев.
Ал ведомствоның жаңа басшысы қиындыққа тап болған шаруаларға мемлекеттің көмектесетінін жеткізді. Ол үшін қазынадан қыруар қаржы қаралып та қойыпты.
"1, 9 миллиард теңге республикалық бюджеттен бөлінді. Осы аптаның аяғына дейін ақша түседі деп ойлаймын. Процедураға сәйкес әкімдік комиссия құрып, тізімді бекітіп, ақшаны әрбір жеке шаруа қожалықтарына таратады", - деді ауыл шаруашылығы минстрінің міндетін атқарушы.
Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасының пікірінше, бұл қаражат жеткіліксіз. Сондықтан Үкімет дұрыстап есептеп нақты шығын көлемін шығару керек.
"Шынымен де қомақты сомма болып есептеледі. Бірақ 1 млрд 800 мың алып, осы жерде ресми тіркелген 400 малға бөлетін болсақ, әр малға шамамен 5 мың теңге. 5 мың теңге деген бүкіл малдың қыстық азығы ма, көктемдік пе, күздік азығыма белгісіз. Бұл сома Маңғыстауға жеткіліксіз", - деді "Шопан ата" ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы.
Шаруалардың сөзінше, Қызылорда мен Ақтөбе облыстарында субсидия көлемі мүлде басқа. Онда әр мал басына 30 мың теңге төленеді екен.
Күнін төрт түлікпен көріп отырғандар жұт келген шақта малдарын басқа өңірлерге көшіру туралы ұсыныс тастады. Олар егер төтенше жағдай жарияланса бұл мәселе өз шешімін табады деген үмітте.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922519-zagdaiymyz-tomen-mangystaulyqtar-onirde-totense-zagdai-zariyalaudy-talap-etude/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.