Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде халық саны артты: Ұлттық статистика бюросы ресми мәліметтерді жариялады

Жарияланған күні:

Тұрғындар
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы еліміздегі халық санына қатысты ресми мәліметтерді жария етті. Бюро мәліметтеріне сүйенсек елімізде халық саны 249 мың адамға артқан.

2021 жылғы 1 маусым күніндегі жағдай бойынша елімізде халық саны 18984,8 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 11237,0 мың (59,2%), ауылдықтар –7747,8 мың адам (40,8%). Бұл 2020 жылғы 1 маусыммен салыстырғанда 249,0 мың адамға көп, яғни халық саны 1,3%-ға өсті.

Ал 2021 жылғы қаңтар-мамырда республика халқының табиғи өсімі 2020 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда (106,8 мың адам) 4,4% өсіп, 111,5 мың адамды құраған.

АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-мамырда туылғандар саны 175,2 мың адамды құрағаны анықталып отыр. Бұл 2020 жылғы қаңтар-мамырдағы көрсеткішке (156,8 мың адам) қарағанда 11,7%-ға көп.

Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар 63,7 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-мамырға (50,0 мың адам) қарағанда 27,3% көп.

2021 жылғы қаңтар-мамырда республикада 1 жасқа дейін шетінеген 1423 нәресте тіркелді. 2020 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш (1221 шетінеген нәресте) 16,5% артты.

Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-мамырда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 3662 адамды, елімізден кеткендердің саны 9862 адамды, көші-қонның айырымы -6200 адамды құрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922540-elimizde-xalyq-sany-artty-ulttyq-statistika-byurosy-resmi-malimetterdi-zariyalady/