Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талдықорғандық жігіт ірі қалаларда үйсіз жүрген отбасыларды солтүстікке көшуге шақырды

Опубликовано:

Бурахан Дақанов
Фото: Бурахан Дақанов отбасымен, жеке мұрағатынан

Талдықорғандық Бурахан Дақанов отбасымен бірге солтүстікке көшіп барып, бос қалған ауылдардың бірін көркейтуге бел буып отыр. Ол Алматы сияқты ірі қалаларда үйсіз-күйсіз жүрген жас отбасыларды өзімен бірге көшке ілесуге шақырды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Теріскейге жорық" деген атаумен бастама көтерген жігіт не себепті осы үлкен іске кіріскенін айтып берді.

"Бұл идея менде бұрыннан бар. Осы жолы еліме өз еңбегімді сіңіру үшін солтүстіктегі халықтың санын көбейтіп, бос жатқан жерге иелік етеміз деген шешімге нақты бел байлап отырмын", - дейді талдықорғандық азамат.

Белсенді өзімен бірге теріскейге көшіп барамын дейтін отбасыларға желіде үндеу де жасады.

"Негізі көшем деген адамдар көп екен. Тек кейбіреулерге насихат жетпей қалған, кейбіреулер мүлде естімеген. Менімен бірге нақты бес отбасы барады. Орнығып алғаннан кейін артынан адамдар келе бастайды", - дейді Бурахан Дақанов.

"Шопан ата" ұлттық мал өсірушілер қауымдастығында істейтін жігіттің тағы бір мақсаты - солтүстікте мал шаруашылығын дамыту.

"Мен солтүстікке жай мал басын көбейту үшін емес, бір ауылды көркейту үшін барғым келеді. Бәсекеге қабілетті еткім келеді. Солтүстік өңірлердің әкімдерімен кездесіп, маған бір ауылды бекітуін сұраймын. Егер үкімет үй-жайымен көмектесетін болса, шамамен екі жылдың ішінде жүздеген отбасыны сол ауылға қоныстандыруға мүмкіндігім бар деп ойлаймын. Мысалы Алматы қаласында 4-5 балалы отбасылар пәтерден пәтерге көшіп жүр. Мынау керемет мүмкіндік", - дейді өзіне сенімді Талдықорған тұрғыны.

Бурахан Дақановтың сөзінше, солтүстікке көшкен адамдарға аса қатты мән беріліп жатқан жоқ.

"Қайта көшіп кетіп жатқандар көп. Шыны керек, айтылған уәделер орындалмай жатады. Айналып келгенде заң орындалмаса кімге барарын білмей амалсыз қайтып келіп жатыр. Мемлекет басшысы халықтың оңтүстіктен солтүстікке көшуіне назар аударса екен. Сол жұмысты реттеп отыратын орталық керек", - дейді қоғам белсендісі.

Бурахан елге танымал Жыланды ауылын көтерген кәсіпкер Бауыржан Оспановтың жолын қусам дейді.

"Тәуекел, кетемін дегендер менімен жүріңдер. Нақты кетем дегендерге айтарым, туған жерден арқан-арқан жүк қана емес, еліме, жеріме пайдам тиеді деген ниетпен, идея һәм жоспарларыңызды, қабілеттеріңізді ала келсеңіздер екен. Басқалар да менің соңымнан еріп бір бір ауылды көркейтер деген үміттемін.

Шыны керек, басында қиын болады, жер шалғай, күн суық. Даласында қасқыры көп. Бірақ, біз боламыз. Бір боламыз. Барымызды салып көмегімізді береміз", - дейді идея авторы.

Бурахан Дақанов солтүстікке түбегейлі қоныс аударам деген ниеті бар адамдардың есіне үкімет тарапынан қандай көмек болатынын атап өтті.

"Барам дегендерге үкімет тарапынан көшіп келген әр отбасы мүшесіне бір реттік 200 000 теңге беріледі. Баспана мәселесі бойынша бес жылға үй беріледі яғни бес жыл бойы үй ақысын төлемей тек қана жарық пен су үшін ғана ақы төлейсіз. Бастапқы жылы отын суға көмек ретінде мемлекет қаржы береді, оқимын дегендерге оқу мәселелері және оқу бітірген адамдарға грант беру мәселесі қарастырылған", - дейді ол.

Белсенді жігіт бұл шешімін отбасы мүшелері толық қолдап отырғанын да айтты.

"Әйелім мен қайда барам десем де қолдайды, менің шешімімен қарсы келген адам жоқ", - дейді талдықорғандық азамат.

Бурахан Дақанов теріскейге көшкісі келетін балалы отбасыларды өзіне әлеуметтік желі арқылы хабарласуын сұрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922558-taldyqorgandyq-zigit-iri-qalalarda-uisiz-zurgen-otbasylardy-soltustikke-kosuge-saqyrdy/

pixel