"Түсіме кіріп, тыныштық бермеді": Үш баласымен жесір қалған әйел күйеуінің өлімі үшін шарқ ұрып, әділдік іздеуде
Жарияланған күні:
Ақмола облысы Бастау ауылында тұратын Меруерт Қадырова сегіз айдан бері күйеуінің өліміне қатысты әділдік іздеп, шарқ ұрып жүр. Жан жары жұмыс барысында қаза тауып, үш баласымен жесір қалған келіншек жұбайының ажалына қатысты жұмбақ жайттардың көп екенін айтады деп хабарлайды Евразия арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Учаскелік полицей Мәди Қадыров өткен жылдың қараша айында қызметтік міндетін атқарып жүріп, жол апатынан көз жұмады. Жергілікті құзырлы органдар тергеуді шала жүргізгендіктен, полицейдің өліміне күдікті азамат жазаланбай, бостандыққа шығып кеткен. Мұндай әділетсіздікке ашынған келіншек әкесіз қалған үш баласымен елордаға келіп, жанайқайын жеткізді.
«Сол түні сағат 01:40-та жұмыс барысымен шақыртуға кетіп бара жатқанын айтты. Жүрегім әлденені сезіп, түнгі екі жарымдарда телефон соққанымда, ешкім тұтқаны алмады. Содан бері маған оның ұялы телефонын берген жоқ. Жұмыс формасын да іздемеген жерім жоқ. Түсіме кіре бергесін сол күні киген формасын іздеп, бес ай дегенде мәйітханадан таптым», - дейді марқұмның жұбайы Меруерт.
Мәди Қадыровтың полиция қатарында қызмет еткеніне он жылдан асқан. Сол түні ол жұмысқа қызметтік көліктің орнына өз темір тұлпарымен кеткен. Себебі, жұмыс орны берген көліктің қысқы дөңгелектері болмаған соң, жөндеу орнына тапсырады. Кейін Қадыровты ауылға жетуіне 500 метрдей қалғанда 31 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі келіп соққан. Меруерт Қадырованың айтуынша, полиция басшылығы оған айтарлықтай қысым көрсеткен.
«Кадрлар бөлімінің басшысы Салиқов Әділбек Даниярұлы мені шақырып алып, видеоға түсіріп, істемегені жоқ. «Сенің жолдасың сол күні мас болған, әріптестері көрген» деді. Онымен қоймай, маған ақша ұсынып, осы істі жылы жауып қоялық деуден танбады. Тіпті, «Жүк көлігіндегі 8 тонна тауарды сенің мойныңа іліп қоймағанына рахмет айт!» деп, қоқан-лоққы көрсетті», - дейді Меруерт.
Марқұм Мәди Қадыровтың әкесі де ұлының рөлге мас күйінде отырғанына сенбейді. Себебі, түнгі сағат 1-2 шамасында болған апатқа арнайы мамандар таң ата ғана барған.
«Барлығы тойға барғандай, қайғылы оқиғадан бірнеше сағат өткен соң ғана апат болған жерге келеді. Өрт сөндіру көлігін, жедел жәрдем көлігін бірге ертіп апарады. Олар апат болғанын білді. Әдейі уақыт өткізіп, тас жолдағы өзге көліктер апат орнындағы кейбір құралдарды жан-жаққа шашып кеткенін күтті», - дейді көз жұмған полицейдің әкесі Қайрош Қадыров.
Бүгінде ұлынан айырылғанын естіген марқұмның анасы комаға түсіп кеткен. Жақында ғана ес жиған ол әлі күнге дейін жақындарын танымайтын күйге түсті.
Ал полицейдің әкесінің айтуынша, полиция басшылығы мен апатқа кінәлі адамдар жол апатының сызбасын да өз ыңғайларына келтіріп, өзгертіп тастаған.
Осы оқиғаға байланысты арна журналистері Ақмола облыстық полиция департаментіне сұрау жолдады. Әзірге, жауап жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922656-tusime-kirip-tynystyq-bermedi-us-balasymen-zesir-qalgan-aiel-kuieuinin-olimi-usin-adildik-izdeude/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.