Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күніне 5-10 сурет салдым": 400-ден астам туындысы әлемнің ондаған еліне тараған қазақ қызы кім

Опубликовано:

Фото
Фото: Анар Абжанованың жеке мұрағаты

Алматылық қылқалам шебері, суретші Анар Абжанованың туындылары бүгінде әлемнің көптеген еліндегі музей коллекцияларында сақталған. Бір жасынан асқан шағында есту қабылетінен айырылған суретші, мұндай жетістіктерге жету үшін, көп еңбек еттім дейді. KAZ.NUR.KZ тілшісі өнер иесімен тілдесіп, жетістікке жетуінің құпиясын білді.

35 жастағы суретші, екі баланың анасы Анар Абжанова Алматыда туып өскен. Мектеп кезінен бастап сурет өнеріне бет бұрған ол, бүгінде әлемнің талай елінде өз туындыларын таныстырып үлгерген.

"Анам мені жалғыз өзі өсірді. Ол бастапқыда физика пәнінің мұғалімі, кейін балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеді. Міне сондай күндердің бірінде, балабақша жертөлесінде жүрген кезде басына ауыр жүк құлап түсіп, көп бейнет көрді. Ол кезде менің жасым небары 12-де еді.

Сөйтіп анама бірнеше ота жасалып, алдымен Алла, кейін менің дұғамның арқасында аман қалды", - дейді Анар.

Анардың айтуынша, қаншама қиындықтарға қарамастан анасы кішкентайынан сурет өнеріне баулыған.

"Сөйтіп мен сияқты балалармен айналысатын Алексей Уткиннің сурет өнері студиясына берді. Сол жерде мен жеті жылдан астам уақыт бойы білім алдым. Кейін Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледжін, бакалавры мен магистратурасын бітіріп шықтым. Мұндай дәрежеге жету маған оңай болған жоқ.
Бала күнімде тіпті нәр татпастан, күніне 5-10 сурет салатынмын. Жалпы біз сияқты "ерекше" жандарға өмірде өз орнын табу өте қиын, себебі адамдар біздің "өзгеше" екенімізді еске салып, білдіртіп қойып жатады. Алайда бар қиындықтарға қарамастан, анамның маған үйреткен еңбекқорлығының арқасында, мен барлығын жеңе білдім.
Қазір Аллаға шүкір, мен салған 400-ден астам сурет Италия, Жапония, АҚШ, Түркия, Ресей және т.б. елдердің музей коллекцияларында сақталған. Отбасым бар, жолдасыммен екі қыз тәрбиелеп отырмын", - дейді суретші.

Анардың сөзінше, өмір жолында кездескен ешқашандай қиындықтарға мойымау керек.

"Сосын әркім өз миссиясын біліп, соны орындауға тырысуы керек. Яғни адам өмірдегі өз жолын табуға талпыну керек", - дейді ол.

Сұхбат соңында Анар өзінің алдағы жоспарлары туралы да сөз қозғады.

"Биыл Нұр-Сұлтанда "Көк түстің 80 реңі" атты елорда пейзажынан сыр шертетін көрме мен "Ақ түстің 80 реңі" атты Алматы пейзаждары туралы көрме өткізуді жоспарлап отырмын. Көрмелердің екеуі де ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Ал арманым әр қазақтың үйінде менің суреттерім болса екен деймін. Сосын жеке арт галереям мен авторлық музей, баспамды ашуды армандаймын. Әрине одан да бөлек мақсат-тілектерім бар, бірақ бәрі уақыттың еншісінде. Бастысы отбасым аман, елім тыныш болсын", - деп әңгімесін аяқтады қылқалам шебері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1922697-kunine-5-10-suret-saldym-400-den-astam-tuyndysy-alemnin-ondagan-eline-taragan-qazaq-qyzy-kim/