"Реанимацияға түскендер саны үш есеге артты": Алматы қаласы әкімінің орынбасары мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қалада коронавирус жұқтырғандардың күрт өскенін хабарлады. Оның сөзінше, мегаполисте тәулігіне мыңға жуық адамнан қауіпті дерт анықталып жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бүгін Ержан Бабақұмаров қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев, мегаполистің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин, аудандық әкімдіктер мен департамент өкілдерінің қатысуымен жиын өткізді. Әкім орынбасары індеттің өршуіне байланысты қосымша төсек орнын көбейтуді тапсырды.
Қазіргі уақытқа дейін Алматыда 86 мыңнан астам адамнан коронавирус инфекциясы анықталғаны, соңғы тәулікте бұл көрсеткіштің 993 жағдайды құрағаны айтылды.
Тәулігіне қалада 400-ден астам науқас ауруханаға жатқызылуда, ал медициналық мекемеден шығатындардың саны бұдан екі есе аз. Бүгінде ауруханаларда 3099 науқас жатыр. Олардың 228-і жан сақтау бөлімінде.
Шілде айында реанимациядағы науқастардың саны үш есеге, ал үй карантинінде жатқандардың саны алты есеге артқан.
Қазіргі уақытта ауруханалар 50 пайызға толған. Сондықтан резервтік қордан төсек орнын көбейту туралы шешім қабылданды.
Коронавирус инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі қалалық штаб маска режимін бұзбауды, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарға бармауды еске салды.
Одан бөлек, жиын барысында вакцинация мәселесін кейінге қалдырмау мәселесі ерекше қозғалды. Себебі, екпе инфекциядан қорғаудың жалғыз әдісі, дейді мамандар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923459-reanimaciyaga-tuskenderdin-sany-us-esege-artty-almaty-qalasy-akiminin-orynbasary-malimdeme-zasady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.