Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дүкен де, емхана да жоқ": Картада жоқ ауыл тұрғындары адам төзгісіз жағдайда күн кешуде (фото)

Опубликовано:

Ауыл
Картада жоқ ауыл тұрғындары. Фото: ЭК

Атырау облысы Махамбет ауданы Өткел ауылының тұрғындары адам төзгісіз жағдайда тұрып жатыр. Не картада жоқ, не ауыл статусын ала алмаған елдімекенде 100-ге жуық отбасы бар. Алайда мұнда азық-түлік алатын дүкен де, ауырса барып жүгінетін емхана да жоқ. Ал азық-түлік алу үшін өткелдіктер келесі ауылға Жайық өзені арқылы қайықпен өтуге мәжбүр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі ЭК басылымына сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, Жайық өзенінің арғы жағалауына салынған тұрғын үйлердің тұрғындары келесі бетке қайықпен жүзіп өтеді. Себебі, өзен үстіне көпір салынбаған, тұрғындар игілігіне паром да берілмеген. Әлеуметтік маңызы бар нысандар да ауылда атымен жоқ.

"Ауданға көпір салған кезде біздің ауылдағы паромды алып тастады. Аудан әкімі бізде де көпір болады деп уәде еткен. Бірақ бір жыл өтсе де, біз әлі күнге дейін арғы бетке қайықпен барамыз. Ал қыста мұз үстімен өтеміз. Қанша адам батып кеткен жағдайлар да болды. Биылдың өзінде екі адам суға кетті", - дейді тұрғындар.

Ауылда ауыз су да, дүкен де жоқ. Адамдар аудан орталығына қайықпен жетіп, азық-түлік сатып әкеледі. Бұдан бөлек, ондағы жол сапасы да нашар екенін көрініп тұр. Жауын жауған кезде жол батпаққа айналады. Қыста жол мүлдем тазаланбайды, деп шағымданып отыр тұрғындар. Бұл проблема салдарынан ауыл тұрғыны Гүлмира Атшыбаева тіпті бір жыл бұрын немересінен айырылып қалған.

Өткел ауылы
Өткел ауылы. Фото: ЭК
"Қыста немерем қатты ауырып қалды. Ол бір айлық болатын. Шұғыл түрде аудандағы ауруханаға жеткізу керек болды. Бірақ жолды қар басып қалғандықтан, жедел жәрдем келе алмады. Біз өз күшімізбен қарды тазалап, өз көлігімізбен баланы ауруханаға алып жолға шықтық. Бірақ бала жолда шетінеп кетті. Уақыт жоғалтып алдық", — дейді әйел.

Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Зұлқарнай Мұқаштың айтуынша, Өткел ауылына ауыл дәрежесі берілмеген. Себебі, Атырау облыстық аумақтық орман шаруашылығы инспекциясы жанындағы айрықша қорғалуға алынған аумақта орналасқан.

"Бірінші жерді рәсімдейде де, кейін ол жерге елдімекен дәрежесі беріледі. Облыс әкімдігіне жерді орман шаруашылығынан алу туралы хат жіберілген. Депутаттар да бұл мәселені қадағалап отыр. Өткелді аудан құрамына енгізгеннен соң, ондағы проблемалар да шешіле бастайды", - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923485-duken-de-emxana-da-zoq-kartada-zoq-auyl-turgyndary-adam-tozgisiz-zagdaida-kun-kesude-foto/

pixel