Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтауда қаза болған сотталушының жақындары абақты басшыларының жауап беруін талап етті

Опубликовано:

1
Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтауда опырылған абақты астында көз жұмған Нұрлан Төлегеновті жақындары бүгін ақтық сапарға шығарып салды. 32 жастағы сотталушы жазасын өтеу мекемесіне өткен жылы түскен. Қайғылы қазаға қабырғасы қайысқан марқұмның жақындары әділдік сұрайды.

Апаттық жағдайдағы ғимаратты жарамсыз деп танымай, адам өміріне жауапсыздық танытқан басшылардың жауап беруін талап еткен жақындары KAZ.NUR.KZ порталына сұқбат берді.

”Аяғымен кеткен балам жәшікпен келді. Мен оны сол үшін өсірдім бе? Жаным-ау, ішім өртеніп бара жатыр. Неге адамға итше қарадыңдар, опырылғалы тұрған жерге оны неге қамадыңдар? Әділдік жоқ. "Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды" деп балам көсе келденең кетіп еді. Оған да көндік. Бірақ одан бұлай көз жазып қаламыз деп ойламадық. Артында тұяқ та қалмады. Арманым күл-талқан болды",- дейді марқұмның анасы Жұмабике Төлегенова.

Марқұмның денесі ата-анасы тұратын Ақтөбе облысы Алға ауданының Тікқайың ауылына қойылды. Жолдастары қайғылы оқиға болған арапа күнінде Нұрланның ауыз бекітіп, ораза ұстағанын айтады. Туыстарының айтуынша, үйіндінің астында қалған бауырларын сотталушылардың өзі қолдарымен қазып, шығарып алған.

"Ана қирап жатқан ғимарат мал қамауға да жарамайтынын олар білді. Апаттық жағдайда тұрған ғимаратта неге адам ұстайды? Олардың мал құрлы қадірі болмағаны ма? Жатақханалары қираған кезде де ешкім көмекке келмеген. Бауырымды қасында отырған бала сегіз сағат бойы қолымен қазып алғанын естідік. Сол кезде абақты басшылары ол жерде болмаған. Кеше төбеден ит құлағанда желіде бәрі жариялап, әділдік қайда деп шулап кетті. Бұл жерде адам өмірі үзілді. Онда отырған адамдардың сұрауы жоқ па? Ол ғимараттың апатты болғаны бүгін емес, көрініп тұр ғой. Адам ұстауға жарақсыз. Дені дұрыс ғимарат бір күнде апырылмайды. Ешқандай жауапкершілік жоқ. Басшылардың барлығы жауап берсін",- дейді марқұмның апасы Нұргүл Тасыбаева.

Туыстары Нұрбол Төлегеновтың денесін өздері әкелген.

”Баламның денесін өзіміз алып келдік. Олар әкелеміз деген күні күттік, келмеді. Кешкі салқынмен шығамыз деді. Біз одан әрі күтіп отырған жоқпыз. Ертесіне жолдастары барып түнімен жүріп әкелді. Денесінде тігіс бар екенін көрдім, басы жарылған, қарай  алмадым. Келгенде баламның бетінен құшақтап жаттым. Тірі кезінде құшақтай алмап едім, ақ сүтімді кештім,- деген анасы көз жасын тоқтата алмады. Айтуынша, тұңғышын үлкен әпкесінің бауырына басуға беріп, өз балам деп айтып көрмеген.

Нұрлан Төлегеновті жер қойнына тапсырған туыстары құзырлы органдарға шағым түсірмек.

“Осыған жауапты адамды жазалауды талап етеміз. Бұл істі жай қалдырмаймыз, қолымыздан келгенше тергеу жүргіземіз, енді қалған жерде аянбаймыз. Бастық орнына бастық алмастырып тыныш қаламыз деп ойламаңыздар. Біздің енді жоғалтар ештеңеміз қалмады",- дейді анасы.

Айта кетейік, 19 шілде күні Ақтауда сотталғандарға арналған жатақхана қирап, үш адам мерт болды. Оқиға кезінде жатақхана ішінде 11 адам болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923512-aqtauda-qaza-bolgan-sottalusynyn-zaqyndary-abaqty-bassylarynyn-zauap-beruin-talap-etti/

pixel