"Жағдай қиын": Цой коронавирусқа байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрі Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн брифингте елдегі эпидемиологиялық жағдайдың қиын екенін айтты. Оның сөзінше, короновирус жұқтырғандар саны күн санап өсіп жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алексей Цойдың айтуынша, пандемиядан шығудың жалғыз жолы вакцина салдыру. Ал елімізде коронавирусқа қарсы кез келген вакцинаны тегін салдыруға болады.
"Вакцинаны қазір салдыру керек. Себебі бізде жағдай қиын, коронавирус жұқтыру көрсеткіші өсіп жатыр. Өкінішке қарай, азаматтарымыз қайтыс болуда және олардың барлығы вакцина салдырмаған азаматтар. Біз жансақтау бөлімінде жатқан науқастармен сөйлескенде, барлығы "неге бұрын вакцина салдырмадым екен" деп өкінетінін айтады", – дейді ол.
Министрдің сөзінше, вакцина инфекция қаупін 100% жоя алмайды, бірақ ауру жұқтырған кезде ауыр өтуіне жол бермейді.
"Вакцина салдырған адамдарда ауру жеңіл өтеді, орташа ауыр жағдайда түсетіндер бірен-саран. Біз қазір мүмкіндік барда вакцина алуымыз керек. Вакцина салдыру өте маңызды, өйткені пандемиядан шығудың басқа жолы жоқ.
Вакцина салдырған азаматтардың аман қалып жатқанын байқап отырмыз. Бұл ең бастысы. Біз тағы да популистік ұрандарға ермеуге шақырамыз. Сізге жай ғана барып, вакцина салдыру керек.
Барлық елдерде мұндай (тегін вакцинация -ред.ескертпе) мүмкіндік жоқ. Біздің көршілерге қараңыздар, олар Қазақстанда вакцинаның қаншалықты қолжетімді екенін көргенде қызғанышпен қарайды. Себебі бізде әрбір адамның вакцина салдыруға мүмкіндігі бар. Жаңа вакцина келгенде, (Pfizer-ред.ескертпе) тағы қосымша таңдау болады. Алайда қазір вакцина салдыру керек (елімізде барын -ред.ескертпе)", – дейді Алексей Цой.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1923699-zagdai-qiyn-coi-koronavirusqa-bailanysty-qazaqstandyqtarga-undeu-zasady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.