Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өмірім үшін қорқамын": Алматыда ұсталған кәсіпкердің әйелі Тоқаевтан көмек сұрады

Опубликовано:

Ольга
Ольга Абдыгаппарова. Скриншот: instagram.com/independ.kz/

Алматыда миллиондаған қаражатты жымқырды деген күдікпен ұсталған бизнесмен Алмас Әбдіғаппаровтың жұбайы Ольга ел президентіне үндеу жолдады. Әйелдің айтуынша, күйеуі ұсталғанға дейін отбасының өмірінде түсініксіз жайттар көбейіп кеткен. Independ.kz алаңында өткен брифингте ол өз өмірі үшін қауіптеніп отырғанын жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ольга Әбдіғаппарованың айтуынша, оның күйеуі өте адал және ақша жымқыратын адам емес.

"Қорқып отырмын. Мен қазір жалғыз қалдым. Анам ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Далаға шығуға қорқамын. Ертеңім қандай боларын да білмеймін. Себебі, бәрі біліп отырған шығар, маған қысым көрсетіліп жатыр", - дейді ол.

Ольганың баяндауынша, бұл жайт Алмас Әбдіғаппаровтың еңбек демалысынан келген кезінде басталған. Бизнесмен өзі директордың орынбасары қызметін атқаратын құрылыс компаниясынан шығып қалғанын сол кезде бір-ақ білген.

"Осыдан кейін Esentai City аумағында орналасқан менің компаниямда заңсыз жарықты өшіре бастады. Ешқандай себебін айтпастын жарық өшіп қалды. Ал біз тұрған, Esentai River аумағында жарықты тіпті түнде өшіретін болды. Осындай түсініксіз жайттар орын алды", - дейді әйел.

Ал сенбі күні күндіз оның күйеуін ұстап әкеткен.

"Мен ел президентіне үндеу жолдап, көмек сұраймын. Мен өзімнің өмірім үшін, балаларымның және Алмастың өмірі үшін қауіптеніп отырмын. Көмек және қорғаныс сұраймын", - деп мәлімдеді ол.

Ольганың айтуынша, ол маркетингтік қызмет көрсететін "AV Construction" ЖШС-нің басшысы. Ал құрылыс компаниясының басшысы Рауан Бабаев Әбдіғаппаровтың жиені болып келеді.

"Келіссөздер қалай жүргізілетінін, олардың не туралы сөйлесетінін білмеймін. Ол туралы маған Алмас ешнәрсе айтпайтын. Себебі, ол бірге жұмыс істейтін серіктестеріне қатты сенім артатын. Ол адамдардың барлығына сеніммен қарайтын", - дейді Ольга.

Бұдан бөлек, әйел бұл іске қатысты өзінің де болжамдары бар екенін, сондықтан серіктестер өзара келісімге келетініне үміт артатынын да айтты.

Айта кетсек, бұған дейін миллион доллар жымқырды деген күдікпен кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровтың ұсталғаны белгілі болған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1924196-omirim-usin-qorqamyn-almatyda-ustalgan-kasipkerdin-aieli-toqaevtan-komek-surady/

pixel