Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 75 жасқа толды

Опубликовано:

Тоқтар Әубәкіров
Фото: Egemen.kz

Бүгін қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 75 жасқа толды. KAZ.NUR.KZ тілшісі авиация генерал-майоры, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры Тоқтар Әубәкіровтың туған күніне орай оның еңбек жолына шолу жасады.

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, техника ғылымының докторы, профессор Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы "1-інші май" ұжымшарында дүниеге келген. 

Әкесі Оңғарбай мен анасы Кәмила ұсталықты кәсіп еткен. Алайда ол әкесінен ерте айырылып, анасы мен апасының тәрбиесінде болады. Әубәкіров -  қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы. Халық қаһарманы бала кезінен ұшқыш болуды армандайды.

1969 жылы Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, 1979 жылы авиация институтын бітірген.

1988 жылы Кеңес одағында алғаш рет әуеде ұшаққа екі мәрте жанармай құйдыру арқылы солтүстік ендікке қонбай ұшуды ерлікпен жүзеге асырды. Реактивті ұшақтың елуден аса жаңа түрін сынақтан өткізді, 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынды.

1991 жылы 2 қазанда ол "Союз ТМ-13" әуе кемесімен ғарышқа ұшады. Онда ғарышкер Аралдың экологиялық жағдайын ғарыштан зерттеуге мүмкіндік алады. Нәтижесінде ғарыштан Арал аймағы фотоға түсіріліп, ондағы тұздың солтүстік мұзды мұхитқа қарай ұшатыны белгілі болады.

"Ұшардың алдында Қазақстанның ғалым­да­рымен бірлесіп ғарышта жаса­ла­тын тәжірибелерді пысықтап алған едім. Орбитадағы стансада еліміздің жер бөлігін суретке түсіруден басқа ғылыми тұрғыда медициналық, биоло­ги­ялық тәжірибелер жасадым. Пробиркалардағы суспен­зия­лар­ды араластырамын деп, тіпті, ғарышта саусақтарыма сүйел пайда болған", - дейді ол БАҚ-қа берген сұхбатында.

Тоқтар Әубәкіров - дүние жүзінің 256-шы ғарышкері. Ол ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минут болған.

Тоқтар Әубәкіровтің жұбайының есімі – Татьяна. Олардың Тимур, Михаил есімді екі ұлы бар.

Әубәкіров Қазақстанның Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, Австрияның "Алтын крест" орденінің иегері, Отан, Парасат ордендері, Алтын Жұлдыз, "Ғасыр саңлағы", Түріктен шыққан Тұңғыш ғарышкер сынды ресми атақ пен марапаттарына лайық деп танылды. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1924213-toqtar-aubakirov-75-si-tugan-kunin-atap-otude/

pixel