"Қой еті 5000 теңгеге барады": Мамандар елімізде еттің бағасы шарықтайтынын болжады
Жарияланған күні:
Елімізде еттің бағасы шарықтап кетті. Сарапшылар көктемге қарай қойдың еті тіпті 5000 теңгеге барады деп болжап отыр. Бұған бірнеше себеп бар деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.
Елдегі қуаңшылық пен малдың сыртқа экспортталуы бағаға тікелей әсер етіп отырғанын алға тартқан мамандар, еттің бағасы одан бетер шарықтауы мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда.
Сиыр, қой, жылқы етінің бағасы әсіресе Алматыда аспандап тұр - 3-4 мың теңгенің аралығы. Одан кейінгі орында - Нұр-Сұлтан қаласы: 2300-ден 3500 теңгеге дейін. Петропавл, Қостанайда да осы шамалас. Жоқ дегенде 3 мыңнан асып жығылады.
"Ет неге қымбаттады? Өйткені пышаққа ілінетін мал жоқ. Арық-тұршаң бәрі", - дейді "Шопан ата" қойшылар қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев.
Жайылымдарда шөптің жоқтығы да жағдайды ушықтырып отыр деп хабарлайды телеарна. Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында шөп бағасы 2 есе өсіп кеткен. Мысалы, өткен жылы 600-800 теңгеге сатылған бір бау шөптің қазіргі бағасы 1000-1500 теңгенің айналасы.
Алмасбек Садырбаев еліміздегі малдың бәрін көрші елдер арзанға сатып алып кетіп жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. Сондықтан кей күндері базарларда қойдың еті мүлде болмай қалады дейді ол. Жоғарыда аталған факторларды ескерсек, алдағы уақытта ішкі нарық еттен тарығып қалатын түрі бар дейді мамандар. Десе де Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ет экспортына шектеу қойылмайтынын мәлімдеп отыр.
"Жыл басынан бергі төрт айда ет экспортының көлемі 9,4 млн долларды құрап, 2,6 мың тонна ет сыртқа жөнелтілді. Импорт көлемі биыл 21 млн долларды құраған, былтырғымен салыстырғанда, импорт 41 пайызға төмендеген. Қазақстан ет экспортына шектеу қоймайды", - деген болатын Бақыт Сұлтанов.
Осыған дейін үкімет отырыстарының мінберінде сөз сөйлеген министрлер мен әкімдер Қазақстандағы қуаңшылыққа, жем-шөп тапшылығына және малдың қырылуына қарамастан ет қымбаттамайды деп бірнеше рет кесіп айтқан. Баға өсуін тежейтін түрлі шараларды да ұсынған.
"Жаз уақытында, күзге қарай биылғы жылғы төлдер жетіледі. Сөйтіп сатылымға шығарылады. Соның есебінен жаз уақытында еттің бағасы өспейді деп толығымен айта аламыз. Күздің уақытында да солай болады. Өйткені шаруашылық өзінің қысқа дайындаған жем-шөбімен малдарды сатылымға шығарады. Сол себепті еттің бағасы өспейді", - деп сендірді Ауыл шаруашылығы министрлігінің аппарат басшысы Марат Оразаев.
Десе де сарапшылар "қараша халық сүйек-саяқ мүжіп, сорпа орнына су сапырмаса болғаны" деп отыр.
"Соғымға соятын мал болмайды. Өйткені арық тұршаң малдың қалғаны шілденің ыстығында қырылады. Яғни көктемге жетпей еттің бағасы шарықтап кетеді. Ендігі жылы көктемде еттің бағасы 5000 теңгеге жетеді", - деп болжады Алмасбек Садырбаев.
Ашық ақпарат көздеріне сенсек, 1960-70 жылдары Қазақстан халқы адам басына шаққанда жылына 60 келі ет жепті. Ал 90 жылдары бұл көрсеткіш 70 келіге дейін жеткен. Ал бүгінде бұл көрсетік бір жылда 40-45 келінің айналасы ғана екен. Осыған қарап-ақ соңғы жылдары ет кей тұрғындардың тісіне емес, түсіне кіріп жүр деп айтуға болады дейді телеарна.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1924517-qoi-eti-5000-tengege-barady-mamandar-elimizde-ettin-bagasy-saryqtaitynyn-bolzady-video/