Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа орын – жаңа мүмкіндіктер: жас мамандар «Еңбек» бағдарламасы бойынша қоныс аударудың артықшылықтарын айтты

Опубликовано:

Қазбек Жаңабай
Қазбек Жаңабай. Фото: жеке мұрағаттан

Өміріңізді жақсы жаққа өзгерту, жаңа тәжірибе жинақтап, мансапта ілгерілей түсу үшін елдің бір шетінен екінші шетіне көшу – мұндай мүмкіндіктерді қазақстандықтарға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы ұсынады. Бағдарламаның қалай жұмыс істейтіні және оған жас мамандар не үшін қызығушылық танытатыны туралы қатысушылары айтып берді.

Қазақстандағы еңбек нарығы біртекті емес. Кейбір аймақтарда еңбек ресурстарының шамадан тыс көптігі байқалса, басқаларында тапшы болуда. Осы ретте қатысушыларды жұмыс күші басым өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныстандыруды көздейтін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бұл жағдайды түзеуге және теңдестірілген еңбек нарығын құруға көмектеседі. Әдетте, біріншісіне негізінен оңтүстіктегі облыстар, ал екіншісіне солтүстіктегі өңірлер жатады.

Бүгінгі таңда ішкі қоныс аударушыларды қабылдаушы өңірлердің қатарында Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, шығу аймақтарының қатарында Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстары, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары бар.

Қатысушылар көшуге бір реттік материалдық көмек, сондай-ақ тұрғын үйді жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдерге кеткен шығынды өтеуге бір жылға ай сайынғы субсидия түрінде мемлекеттік қолдауға ие болады. Бірақ олар бағдарламаның берері әлдеқайда көп екендігіне сенімді – бұл оларға өз қабілетін шыңдауға және тәжірибе жинақтауға беріліп отырған мүмкіндік.

Шымкенттен Арқалыққа

23 жастағы Қазбек Жаңабай 2019 жылы Шымкенттен Қостанай облысындағы 30 мыңдай тұрғыны бар Арқалық қаласына қоныс аударды. Сол жылы ол колледжді бітіріп, жұмыс іздеп жүрген болатын. Жас геодезист-инженер өзінің туған қаласында еңбек нарығында үлкен бәсекелестікке тап болды. Оның үстіне жас мамандарға қандай да бір тәжірибесіз жұмыс табу оңай емес. Ол іздеу географиясын кеңейтіп, Арқалықта геодезистерге сұраныс бар екенін анықтады. Қазбек жұмыс орны үйінен алыс болғанына мән бермеді – оған бастысы жұмыссыз отырмау болды.

Қазбек Жаңабай
Қазбек Жаңабай. Фото: жеке мұрағаттан
«Арқалыққа келгеннен кейін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы және ерікті қоныс аударушыларды қолдау шаралары туралы білдім. Маған көтерме жәрдемақы төленді, сонымен қатар, пәтер жалдауға субсидиялар қарастырылды. Бұл маған өз үйімді сатып алу үшін ақша жинауға көмек болды – жақын арада жекеменшік үй сатып алуды жоспарлап отырмын. Бұл – мен үшін үлкен оқиға және жетістік», - деп атап өтті Қазбек Жаңабай.

Ол жаңа жерге үйрену үшін біраз уақыт қажет болғанын жасырмады. Десе де, Арқалық қаласы жас жігітке өздігінше өмір сүріп, жауапкершілік сезімі мен өзіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік берді. Ал бұл – өмір жолын бастаған сәтте сүрінуге жол бермейтін маңызды қасиет.

Қазбек Жаңабай
Қазбек Жаңабай. Фото: жеке мұрағаттан
«Туған жерімді сағынумен болдым, бірақ бұл мен үшін трамплин екенін түсіндім. Мен мұнда көп нәрсені үйреніп, маман ретінде өз орнымды таба аламын. Менің ойымша, жастар өзін дамытудың кез келген мүмкіндігін жіберіп алмауы керек, себебі мемлекет бұл үшін жағдай жасап отыр. Барлығы тек дамуға деген құлшыныс пен ниетке байланысты», - дейді Арқалықтың жаңа тұрғыны.

Алматы қаласынан ШҚО-ға

Кәмшат Күзенбаева
Кәмшат Күзенбаева. Фото: жеке мұрағаттан

Жас жігіттің сөздерімен Кәмшат Күзенбаева да келісіп отыр. Ол Алматы қаласынан Шығыс Қазақстан облысына көшіп келген. 3 жылдан бері Камшат отбасымен бірге Шемонаиха қаласында тұрады. Айтуынша, ол ерікті қоныс аударудың артықшылықтары туралы Шығыс Қазақстан облысында тұратын туысынан білген. Көп ойланбастан күйеуімен бірге өздерінің тұрғылықты жерін өзгерту дұрыс шешім болады деген тоқтамға келді. Оның үстіне отбасы сол уақытта мегаполистің қарқыны мен қарбаласынан шаршай бастаған болатын.

«Жұмысты бірден таптым, мені гуманитарлық-техникалық колледжге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде қуана қабылдады. Ол кезде менде педагогика магистрі дәрежесі болды. Күйеуім кейінірек жол монтері болып жұмысқа орналасты. Бізге көтерме жәрдемақы беріліп, тұрғын үйді жалдау ақысы төленді, кейіннен мемлекеттік тұрғын үй қорынан 3 бөлмелі пәтер бөлінді. Біз пәтерді жалдау ақысына бар болғаны 8 мың теңге төлейміз, яғни өз баспанамызға қаражат жинауға мүмкіндігіміз бар», - дейді Кәмшат.

Алматы мен Шемонаиханың айырмашылығы өте үлкен: шағын қалада сауда орталықтары мен кинотеатрлар, шу мен кептеліс жоқ. Қызмет көрсету саласында және, әрине, ауа райында айырмашылықтар бар.

«Алғашқы қыста биіктігі бірнеше метрге дейін жететін жергілікті алып қарлы омбыларға тәнті болдым. Мұндайды Алматыда көре алмайсыз. Табиғаты керемет. Көшіп келгенімізге өкінбейміз. Ең бастысы – мұнда бізді маман ретінде бағалайды, мансабымызда ілгерілей аламыз. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Балалардың да мәселелері шешілген, өміріміз реттеліп жатыр», - деп сөзін аяқтады қоныс аударушы.

2021 жылы еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мақсатында жұмыс күші көп оңтүстік өңірлерден 7 465 адамнан тұратын 2 152 отбасын көшіру жоспарланып отырғанын атап өтеміз. Алғашқы жарты жылда құрамында 3 102 адамы бар 967 отбасы көшірілді. Олардың 915-і немесе еңбекке қабілетті жастағы қатысушылардың 68%-ы жұмыспен қамтылған. Тағы 60 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1924813-zana-oryn-zana-mumkindikter-zas-mamandar-enbek-bagdarlamasy-boiynsa-qonys-audarudyn-artyqsylyqtaryn-aitty/

pixel