RU

Түркістан облысында бір тәулік ішінде 8 бірдей той тоқтатылды

Мейрамхана
Көрнекі фото: piqsels.com

Түркістан облысының полицейлері тәулік ішінде сегіз бірдей тойды тоқтатты деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазығұрт ауданында карантинге қарамастан тәулік ішінде өткен сегіз бірдей той-жиын анықталды. Карантиндік талаптар мен салынған айыппұлдарды елеместен, жасырын той жасаған.

Өткізілген әр тойға 50-150 аралығындағы тұрғындар жиналып, түрлі салтанатты жиындарды ұйымдастырған. Мобильдік топ мүшелері жиналған жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойға келгендерді тарқатты.

Полицейлер карантин талаптарын елемеген тойхана мен той иелеріне қатысты әкімшілік кодекстің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу) бойынша іс-құжаттарды жинақтап, заңды шешім қабылдау үшін Қазығұрт ауданы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасының қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолдады.

Еске сала кетейік, Маңғыстау облысында енді той, садақа жасағандар ғана емес, оған барғандарға да айыппұл салынатын болды.

Өткен демалыс күндері өңірдегі 256 нысанға рейд жүргізілді. Нәтижесінде 57 хаттама толтырылып, Маңғыстау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жіберілді.

Облыс әкімі С.Трұмов бұл жұмыстарды жалғастыра беруді және мониторинг топтарының жұмысын күшейте түсуді тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1925558-turkistan-oblysynda-bir-taulik-isinde-8-birdei-toi-toqtatyldy/