Павлодарда үш ай бойы өкпені жасанды желдету аппаратында жатқан ер адам жазылып шықты
Жарияланған күні:
Павлодар облысында үш ай бойы өкпені жасанды желдету аппаратында жатқан науқас жазылып шықты. Ер адам ауруханаға түскен кезде өкпесінің 40 пайызы қабынған екен, алайда бірнеше күннің ішінде бұл көрсеткіш 96 пайызға дейін өскен деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл жағдай туралы Павлодар облыстық кардиоорталығының мамандары айтып берді. Ер адам ауруханаға коронавирус белгілері бар пневмония және қосалқы аурулармен түскен.
Ол дереу жансақтау бөліміне жатқызылған. Пациенттің 95 күн ем қабылдауына тура келген. Соның 86 күнінде ол өкпені жасанды желдету аппаратында жатқан.
"Ауруханаға түскен кезде пациенттің өкпесі 40 пайыз қабынған еді. Бірнеше күннен кейін тексерсек 60 пайыз болды, тағы бірнеше күннен кейін компьютерлік томография жасап, өкпесінің 96 пайызға қабынғанын анықтадық. Бұл вирустың күн сайын өршитінінің дәлелі.
Науқастың басқа да аурулары болды, сондықтан жағдайы өте ауыр болды. Бірақ біздің күш-жігерімізбен және экстракорпоральды мембраналық оксигенация арқасында оның жағдайы жақсарды", - дейді Павлодар облыстық кардиоорталықтың дәрігер-реаниматологы Владимир Крокус.
Қазіргі уақытта ер адам үйіне шыққан, жағдайы тұрақты. Дәрігерлердің мәліметінше, мұндай жағдай Павлодар облысында бұрын-соңды болмаған. Өйткені, өкпесі 96 пайызға қабынған науқастарды құтқарып қалу өте қиын.
Бүгінде өңірде тәулігіне 300-дей адамнан коронавирус анықталуда. Ақ халаттылар аурудың өршіп жатқанын айтады. Себебі небәрі бір-екі күннің ішінде дерт жеңіліп өтіп жатқан пациенттің өкпесі 25-30 пайызға дейін қабынуда екен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1925704-pavlodarda-us-ai-boiy-okpeni-zasandy-zeldetu-apparatynda-zatqan-er-adam-zazylyp-syqty/