Аймағамбетов қыркүйектен бастап болатын өзгерістер жайлы айтты
Жарияланған күні:
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында қыркүйектен бастап оқушылар дәстүрлі форматта оқитынын айтты деп жазады BAQ.KZ.
Оның сөзінше, оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталады.
Оқу 34 аптаны қамтиды. Тағы 4 апта жазғы мектепті құрайды.
Аймағамбетов мектептерде 3,6 миллион бала оқитынын жеткізді.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылының басталуы туралы бұйрық пен әдістемелік нұсқаулық өңірлерге жіберілгенін жеткізді.
Жаңа оқу жылында балалардың денсаулығын сақтау үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптар барлық мектеп пен колледжде, ЖОО-да сақталмақ.
Министрдің айтуынша, білім беру ұйымдарындағы педагогтар мен оқушылар, студенттер маска тағуы керек.
"Барлық ғимаратта дезинфекциялау тұрақты жүргізіледі. Оқушылар мен студенттер, педагогтар мен басқа қызметкерлер ғимараттарға Ashyq жүйесі арқылы кіреді. Жұмыскерлердің вакцина алуына да ерекше көңіл бөлінеді. Оған қоса мектептерде қосымша ауысымдар ұйымдастырылып, "бір сынып-бір кабинет" жүйесі жұмыс істейді. Барлық бұқаралық шараға тыйым салынады", - деді Аймағамбетов.
Сонымен қатар, білім және ғылым министрі оқу форматы туралы да сөз қозғады.
"Жоғарыда айтылған талаптарды сақтай отырып, балабақшаларда 20-25 баладан аспайтын топтарға штаттық режимде жұмыс істеу ұсынылады. Өз кезегінде мектептердің 1-11-сынып оқушылары мен ЖОО, колледж студенттеріне дәстүрлі түрде жүргізу ұсынылады. Әрине, барлық снитарлық талап сақталады. Денсаулығы тәуекел топтарға жататын, ата–аналары немесе өздері коронавируспен ауыратын оқушылар уақытша қашықтан оқиды", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926647-aimagambetov-qyrkuiekten-bastap-mektepterde-bolatyn-ozgerister-zaily-aitty/