RU

Сыр елінде генерал Хон Бом Доның сүйегін Корей елінің өкілдеріне табыстау рәсімі өтті

1
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Бүгін Корея Республикасы ресми делегациясы жұмыс сапарымен Сыр еліне келді. Корея Республикасының патриоттар және ардагерлер жөніндегі министрі Хван Ги Чхоль бастаған делегацияны облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарушысы Бектас Нуридинов және Қызылорда облысының кәріс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Елена Ким күтіп алды.

Шетелдік делегация құрамында Корея Республикасының патриоттар және ардагерлер жөніндегі министрі Хван Ги Чхоль, Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг Сок, «Генерал Хон Бом До мемориалы» қорының Төрағасы У Вон Шик, актёр Чо Вон Джун және басқа да сала қызметкерлері бар.

Жұмыс сапардың басты мақсаты өткен ғасырдың басында жапон басқыншыларына қарсы корей партизандық қозғалысының батыры болған, генерал Хон Бом Доның сүйегін туған жеріне алып кету және екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында бірлескен жобаларды талқылау.

2
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Күтіп алу салтанатты шарасынан кейін шетелдік қонақтармен мен облыс басшылығы «Хон Бом До» мемориалдық кешеніне жол жүрді. Мемориалдық кешенде генерал Хон Бом Доның сүйегін Корей тарапына табыстау рәсімі өтті. Ресми шарада екі мемлекеттің Гимні орындалып, Хон Бом До рухына арналған екі елдің гүл шоқтары қойылды. Одан кейін Хон Бом До атындағы қордың төрағасы У Вон-шик генералдың өмірбаянын, өткен жолын елге жеткізді.

3
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Хон Бом До 1868 жылы кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Корей патриоты, жапон басқыншыларына қарсы қарулы күрестің бастаушыларының бірі. 1907 жылы Капсана ауданында аңшылардан партизандар отрядын құрды. 1918-1922 жылдары өткен Кеңес Қиыр Шығыстағы Азамат соғысына қатысты. 1919 жылдан бастап Маньчжурияда жапон колонизаторларына қарсы әрекет еткен «Тәуелсіздік армиясының» көрнекті ұйымдастырушысы болды. Азаматтық соғыс аяқталғаннан кейін Хон Бом До Кеңес Одағы аумағында өмір сүріп, 1937 жылы Қызылорда қаласына күштеп жер аударылды. Өмірінің соңғы жылдары Хон Бом До Қызылордадағы корей театрында күзетші болып жұмыс істеді.

4
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Генерал Хон Бом До 1943 жылы 25 қазанда Қызылорда қаласында 75 жасында қайтыс болды.

Шарада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ұлт азаттық көтерілісінің батыры, генерал Хон Бом Доның сүйегін туған жеріне қайтару екі ел арасындағы татулықты одан әрі нығайта түсетінін айтты.

5
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

— Биыл ел Тәуелсіздігіне мерейлі 30 жылдығында Сыр елінде көптеген игі шаралар атқарылуда. Мемлекетаралық деңгейдегі шаралар да көрініс табуда. Осы ретте, біздің республикамыздың тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаған елдердің бірі – Корей мемлекетімен достық байланыс нық орнығып, ұлттық мүдде тоғысқан ізгі істер қолға алынғаны белгілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Корея Президенті Мун Чже Иннің Қызылордада жерленген генерал Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтару туралы сауалына қатысты оң шешім қабылдады. Ел басына күн туғанда қазақ халқы корейлерді құшақ жая қарсы алып, бауырына тартып, қолұшын берді. Соның арқасында Қазақстанға жер аударылған корейлер аман қалып, бүгінгі күні тәуелсіз елімізді дамытуға зор үлес қосуда. Қазақ халқында «Достықта шекара жоқ» деген жақсы сөз бар. Қазақстан және Корей мемлекеттерінің арасындағы ынтымақ пен достық қарым-қатынастың мықтылығы да осындай ұлы тұлғаларымен байланысты болмақ, - деді аймақ басшысы.

6
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Мұнан кейін сөз Корея Республикасының патриоттар мен ардагерлер жөніндегі министрі Хван Ги Чхольге берілді. Министр генерал Хон Бом Доның ерлігіне тоқталып, қазақ еліне көрсетілген құрмет үшін алғысын жеткізді. Сонымен қатар, «Қазақстан кәрістері Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сергей Огайға, Қызылорда облысының Корей этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Елена Кимге Алғыс хат табыстады.

7
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Жергілікті корей халқының рәсімі бойынша еске алу шарасынан кейін Хон Бом Дон қабіріндегі сүйек қалдықтарын Қазақстандық құрмет қарауылының қатысуымен ресми шығарып салу рәсімі өтті.

8
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Ертең Корея делегациясын Хон Бом Дон қабіріндегі сүйек қалдықтарымен туған жеріне ресми шығарып салусалтанатты шарасы өтеді деп жоспарлануда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927221-syr-elinde-general-xon-bom-donyn-suiegin-korei-elinin-okilderine-tabystau-rasimi-otti/