Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұлыма қарап жүрегім қан жылайтын": Бес жасар шымкенттік балақай Түркия ауруханасынан ракты жеңіп шықты (видео)

Опубликовано:

Иманғалидің отаға дейінгі және отадан кейінгі келбеті
Иманғалидің отаға дейінгі және отадан кейінгі келбеті: жеке мұрағат

Шымкент қаласының бес жасар тұрғыны Иманғали Бауыржан тоғыз айдан бері Түркияның Анталья қаласында емделіп жатыр. Бүгінге дейін балақай бірнеше рет химиотерапия қабылдап, әлемдегі ең ауыр оталардың бірін басынан өткерді. Иманғалидің сүйек кемігі ауыстырылып, көпшілік шыдай бермейтін ауыр сынақтан аман қалды. Ал екі жарым жыл бұрын "лейкоз" диагнозы қойылып, бүгінде адам танымастай өзгерген балапанның жазылып кетеріне көп ешкім сенбеген болатын. Тек ата-анасы ғана баланың өмірі үшін тоқтаусыз күресіп келеді. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Иманғалидің анасы Әйгерім Алматова арпалысқа толы күндерді еске алды.

"Біз Шымкент қаласында тұрамыз. Біреуден ілгері, біреуден кеш күн кешкен қарапайым жанұямыз. Ұлым Иманғали екі жарым жасқа келгенде "лейкоз" диагнозы қойылып, төбемізден тас түскендей болды. Бүкіл әлем аударылып кеткендей күй кештік. Өйткені, бұл ең ауыр, емделуі екіталай қатерлі дерт. Алғашында абдырап қалғанмен, кейін дереу өзімізді қолға алып, балапанымыздың өмірі үшін күресті бастадық.

Алдымен елімізде бірнеше рет химиотерапия курсын қабылдадық. Бірақ ұлымның сүйек кемігі рак жасушаларын бөлуді доғармады. Күн санап рак жасушалары артып, біздің үмітіміз алыстай берді. Десе де, тоқтаған жоқпыз. Халықтан көмек сұрап, Түркияға жол тарттық. Өз елімізден донор да табылмады. Оның үстіне, балаларға дәл осындай ота жасау жөнінен Түркияда көрсеткіштер жақсы болатын", - дейді Әйгерім.

Әйгерім ұлы Иманғалимен бірге тоғыз ай бойы Анталья ауруханасында жатқан. Осы аралықта оған Түркиядан донор табылып, дәрігерлер баланың сүйек кемігін ауыстыру отасын сәтті жасаған.

"Бағымызға қарай, донор табылды. 42 жастағы азаматтың сүйек кемігі менің балама қойылатын болды. Бірақ дәрігерлер, Түркияның ең мықты деген профессорлары, бұл отаның қаншалықты сәтті аяқталатынына еш кепілдік бере алмайтынын айтты. Бала аман қалуы да мүмкін, жағдай басқаша өрбуі де мүмкін деді. Біз тәуекел еттік. Иә, тек Алладан жалбарына сұрап, тәуекел етіп, отадан аман шығу көрсеткіші бір пайыз болса да, қолда бар мүмкіндікті пайдалануым керек деп шештім.

Егер бұл отаға келіспесем, ішімде өмірлік өкініш қалар еді. Ең ауыр ота кішкентай ғана балапаныма жасалды. Менің өмірімдегі ең ауыр сағаттар еді бұл. Қуанышқа қарай, ота сәтті аяқталды. Балам аман қалды. Донордан алынған сүйек кемігі 99 пайыз жұмыс істей бастады. Бірақ нағыз қиын сәт отадан кейін басталды", - дейді Иманғалидің анасы.

Мұндай ауыр отадан соң дәрігерлер РТПХ деп атайтын процесс жүреді. Қарапайым тілмен айтқанда, баланың ағзасы бөтен ағзадан келген сүйек кемігі бітісіп кеткенше оған қарсылық таныта бастайды. Дәл осы жағдай Иманғалиде өте ауыр өткен.

"Отадан соң балам адам танымастай өзгерді. Сөйлеуді ұмытып қалды, мені таныған жоқ. Ал оның сырт келбетіне қарап, жүрегім қан жылайтын. Ұлымның жүре алмағаны былай тұрсын, қу сүлдері қалды. Еттері мен сүйектері ыдырай бастады, тек қана сүйегі қалды десем, артық емес. Оны суреттен де көре аласыздар. Қан кетуін тоқтату үшін ұлым екі жарым ай бойы тамақ ішкен жоқ! Сенесіз бе, екі жарым ай бойы тамақ ішпеді. Осынша уақыт аш жатқан баламның мықтылығына қайранмын, Аллаға шүкір! Бір ғана Алланың қалауымен аман қалдық. Дәрігерлер де бас шайқай бастады, бүкіл әлем ұлымнан күдер үзгендей болды.

Тек мен ғана үмітімді үзбедім. Балам ес-түссіз, қу сүйек болып жатқанда күйеуім де елге қайтайық деді. Кеудесінде жаны барда елге жеткізіп алуды ойлады. Бірақ қарсы болдым. Осынша уақыт күресіп, ең соңында беріле салу мен үшін ауыр өкініш болар еді. Баламды елге алып кетсе, бізді тек бір ғана жағдай күтіп тұрды. Ал бұл туралы ойлаудың өзі қорқынышты.

Ең соңында күйеуім екеуміз бір шешімге келіп, Иманғалиді қалай да аяққа тұрғызамыз деп келістік. Алладан сұрадық. Осы орайда, баласы ауырып жүрген барша аналарды берілмей, соңына дейін күресуге шақырамын. Иә, оңай емес. Бес-алты айлап ауруханада жатып, кейін морт сынып кетіп жатқан аналарды көрдім. Оларға мықты болыңдар, баланың өмірі үшін соңына дейін күресіңдер дегім келеді", - дейді Әйгерім.

Бүгінде Иманғалидің жағдайы жақсарып келеді. Ол біраз салмақ қосып, қайтадан сөйлеуді үйренген. Бірақ оған күнделікті алатын дәрінің бағасы шарықтап тұр.

"Күніне 20 түрлі дәрі ішеміз. 60-70 рет дәрі қабылдаймыз бір күнде. Бұл өте қажет дәрілер. Имашымыздың беті бері қараған соң, дәріні қалай да тауып беруге тырысып жатырмыз. Ең қымбат дәріміз теңгеге шаққанда 800 мың теңге тұрады. Қалғандары 20-100 мың теңге аралығында. Егер 50-60 мыңға дәрі алатын болсақ, қатты қуанамыз. Бір айда дәрі үшін миллион теңгеден артық ақша кетеді. Осы орайда, Иманғалиді әрі қарай емдету үшін жомарт жандардан көмек сұраймын. Қазір бізге дәрі үшін ақша ауадай қажет. Бүгінге дейін де қанша халық көмектесті. Алғысым шексіз!", - дейді Иманғалидің анасы.

Ракты жеңіп шыққан Иманғали Бауыржанға көмек көрсету үшін реквизиттер:

Kaspi Gold: 8775-089-34-34

5169 4971 5049 6671

Әйгерім А. (мама)

Инн: 950101401813

Halyk Bank: 4405 6397 5593 7701

Әйгерім Қайратқызы (мама)

PayPal: aigerim.almatova01@gmail.com

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927282-ulyma-qarap-zuregim-qan-zylaityn-bes-zasar-symkenttik-balaqai-turkiya-auruxanasynan-rakty-zenip-syqty-video/

pixel