"20 күнге бір жарым млн": Отандық журналист ковидті емдейтін жеке дәрігерлердің бағасы өскеніне ашынды
Жарияланған күні:
Журналист Құрметолла Мұхаметханұлы коронавирусты инфекция өршіген шақта жеке жұмыс істейтін кейбір дәрігерлердің бағаны тым көтеріп жібергенін айтты. Оның мәліметінше, Талдықорғандағы қайын атасы мен қайын енесі жиырма күн бойы ковидтен емделу үшін 1,5 миллион теңге төлеген деп жазады KAZ.NUR.KZ.
«Мен қазір Талдықорғандамын. Қайын жұрт тәж тажалдың қармағына ілініпті. Қайын атам мен қайын енемнің өкпесінің көп бөлігі зақымданған. Алматыға алып кетейін десем, жолға шыдамайды. Ақыры осында қалсын деп шештік. Абайлаңыздар, ауру қатты өршіп кетіпті. Аман болыңыздар. Бәріңізге денсаулық, амандық тілеймін!
Енді айтайын деген мәселеге оралсам. Бұл кісілер жеке дәрігерлердің үйінде жатыр. Күніне үш мезгіл укол алады. Тамақтарын да уақытылы беріп жатыр. Оттегі апараттары да бар. Бірақ бағасы сұмдық. Олар әр адамды емдеу үшін күніне 38 000 теңге алады. Иә, сіз дұрыс оқып отырсыз, отыз сегіз мың теңге. 20 күн жату парыз. 750 мың теңге төлеу міндет. Не болып барамыз тегі?!
Екі адамды 1.5 миллион теңге төлеп, 20 күнге жатқызып кеттік. Амал жоқ, жан олжа. Айта берсең сұмдық көп»,- деп жазды Құрметолла.
Айта кетелік, коронавирусты инфекцияға байланысты Шымкенттегі карантин мерзімі ұзартылды. Қаладағы карантиндік шектеу шаралары 17 тамыздан бастап жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылатын болады.
Сондай-ақ, Алматы қаласының бас санитары Жандарбек Бекшин оңтүстік астанада шектеу шаралары қандай жағдайда алынатынын айтты. Оның сөзінше, басты міндет - халықтың иммундық қабатын қалыптастыру.
"Біздегі шектеу шараларын алып тастау үшін, тұрғындардың 70-80 пайызы вакцина алуы қажет. Тек сол кезде біртіндеп шектеу шараларын алып тастай аламыз",-деді мегаполистің бас санитар дәрігері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927420-20-kunge-bir-zarym-mln-otandyq-zurnalist-kovidti-emdeitin-zeke-darigerlerdin-bagasy-oskenine-asyndy/