"Күйеуімсің бе, ағамсың ба?": ШҚО-да босану процесі ауыр өткен әйел жақындарын танымай қалды
Жарияланған күні:
ШҚО тұрғыны Мұратбек Көкенов дәрігерлердің салғырттығы салдарынан "әйелінің адам танымастай күйге түскенін", айтады. Бұдан бес жыл бұрын оның жұбайы Земфира Көкенова үшінші сәбиін ауыр жағдайда кесарь тілігі арқылы босанған. Мұратбектің айтуынша, дәрігерлер оны өздігінен босанады деп үш күн күтіп, уақыт өткізіп алған. Салдарынан, 34 жастағы сап-сау әйелдің денсаулығына айтарлықтай зақым келген, деп жазады "Время" басылымы.
Басылымның жазуынша, ағылшын тілінің мұғалімі 34 жасында дәрігерлердің қателігінен ақыл-есінен айырылып, мүгедек болып қалған. Тіпті ол туған балалары мен өмірлік жарын да танымайтын күйге түскен.
Қазіргі таңда оны жолдасы Мұратбек өзі бағып, қарап отыр.
Айтуынша, Земфира күн сайын одан: "Сен менің ағамсың ба әлде күйеуімсің бе?", - деп сұрайтын көрінеді. Алайда оның кім екенін бес минуттан соң қайта ұмытады екен.
Жұбайының мұндай жағдайға түсуіне дәрігерлер кінәлі, дейді Мұратбек.
"Бұған дейін Земфира Бесқарағай аудандық ауруханасында екі қызымызды да жеңіл босанған. Сондықтан 2016 жылы үшінші рет көтергенде, жаман нәрсе ойламадық. Аяғы ауыр кезінде де айтарлықтай қиындықтар болмады. Тіпті токсикоз да жоқ еді. Толғақ басталған кезде, аудандық аурухана бізді қабылдамай, бірден Семейге жіберді. Ол кезде суы кетіп, су жап-жасыл түсті болып кеткен. Бұл инфекцияның белгісі екен. Тез арада кесарь тілігін жасау керек болған. Алайда №3 перзентханадағылар үш күн Земфираның өзі босанады деп күткен. Ол кезде Наурыз мейрамы еді", - дейді Мұратбек.
Ер адамның сөзінше, бұл жайттан кейін жұбайының миының біраз бөлігіне зақым келген.
"Инфекция жатырда деп жіберген. Кесарь тілігін жасау кезінде ол жыртылып кеткен. Қан тоқтамай қойыпты. Жатырды алып тастар алдында олар асқазанды тазартпаған. Нәтижесінде өкпесі құсыққа толып кеткен. Үш жасанды желдету аппаратының бірі де жұмыс істемеген. Төрт сағат бойы істемейтін аппаратпен ауа жіберіпті. Сол кезде онда гипоксия басталып кеткен көрінеді. Миының біраз бөлігіне зақым келген", - дейді Мұратбек.
Мұратбек әйелінің бұрынғы қалпына келуі үшін тіпті оны Новосибирск қаласына да апарған. Сол жақта қабылдаған ем төсекке таңылған Земфираның сөйлеуіне және аяққа тұруына сеп болған. Десе де, миы қалпына келмеген. Ол әлі күнге дейін өзінің кім екенін білмей, жақындарын танымайды.
"Қазір оң қолы жұмыс істей бастады. Қалам ұстай алатын болды, жазады. Жылына екі рет Новосибирскіге бару керек екен. Бірақ әр барғанымызға екі жарым миллионға жуық қаражат керек. Бірінші рет Земфираның әріптестері көмектесті", - дейді отағасы.
Қазіргі таңда Мұратбек үш баласымен бірге әйеліне де өзі қарауда. Оның мұндай қамқорлығына қайран қалғандар аз емес. Ол әйеліне қарау үшін қолындағы бар малын сатып, бүкіл уақытын Земфира мен балаларына арнайтын болған.
"Алғаш ауруханадан үйге әкелгенде, оны үлкен қызым көріп қатты жылап қалды. Кіші қызым не болып жатқанын түсінбеді. Үшінші сәбиіміздің атын Аңсар деп қойдық. Ол қазір бес жаста. Онымен бірге ойнап, далада жүреді. Санасы бес жасар баланың санасындай болып қалған", - дейді көзіне жас алған ер адам.
Ал Земфира босанған №3 перзентхана қазіргі таңда мүлдем жабылып қалған. Алайда Мұратбек адвокаты Нұрлан Қойшыбаевпен бірге әділдікке қол жеткізіп, салғырттық жасаған дәрігерлердің жауапқа тартылуы үшін күресуде.
Ескерту! Аталмыш материалды "Время" басылымының рұқсатынсыз көшіріп басуға, таратуға тыйым салынады
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927605-kuieuimsin-be-agamsyn-ba-sqo-da-auyr-bosangan-aiel-zaqyndaryn-tanymai-qaldy/