RU

Қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге қанша қаражат бөлінгені айтылды

Жылқы
Фото: facebook.com/torekenov.torekenov

Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев бүгінгі үкімет отырысында қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге жем-шөп жеткізу жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ербол Қарашөкеев жағдайды түзету үшін үкімет нақты жедел шаралар қабылдап жатқанын жеткізді.

Оның сөзінше, азық дайындау мәселесі бойынша жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. 

Сонымен қатар, министрдің міндетін атқарушы зардап шеккен өңірлерге қанша қаражат бөлінгенін баяндады.

"Зардап шеккен өңірлерге қаржылай көмек көрсетіліп жатыр. Мысалы, құрғақшылықтан ең көп зардап шеккен Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысына азық сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеуге үкімет резервінен 3,8 миллиард теңге бөлінді. Маңғыстау облысына азық дайындау мақсатында қосымша 5,3 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, азық дайындау проблемаларын шешуге жергілікті бюджеттен 9,1 миллиард теңге бөлінді. Қосымша тағы 4,5 миллиард теңге бөлінеді", - дейді Ербол Қарашөкеев. 

Одан бөлек, министрдің міндетін атқарушы зардап шеккен өңірлердегі ауыл шаруашылығы тауарын өңдеушілердің несиелері бойынша қарыздарын ұзарту және қайта қарау туралы шешім қабылданғанын айтты.

Сондай-ақ, Қарашөкеевтің айтуынша, облыстарда азық дайындау көлемін барынша арттыру шаралары іске асырылып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1927705-quansylyqtan-zardap-sekken-onirlerge-qansa-qarazat-bolingeni-aityldy/