76 жастағы алматылық зейнеткер велосипедпен әлемнің 40 елінде болған
Жарияланған күні:
Алматы қаласының тұрғыны, 76 жастағы зейнеткер Түгелбек Қасымов велосипедпен әлемнің 40 елінде болып қайтқан. Әлемді қос дөңгелекті көлікпен шарлаған зейнеткер велосаяхаты туралы ҚазАқпаратқа айтып берді.
Түгелбек Қасымов Шығысы Қазақсан облысының Тарбағатай ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Туған өлкесінде 45 жыл ұстаз болып, балаларға математикадан сабақ берген.
Бүгінде зейнеткер Алматы қаласында тұрып жатыр және әлемнің 40 елін велосипедпен шарлап шыққан.
"Велошеруді алдымен өз отанымыздан бастадым, Қазақстанның барлық өңірінде болдым. Содан соң Ресейге аттандым, көрші елдің де біраз аймағында болып қайттым. Елордадан Мәскеуге велосипедпен 14 күнде жеттім. Одан әрі Беларусь, Польша арқылы 12 күннің ішінде Берлинге бардым. Одан бөлек, тағы Мәскеуге барып одан әрі Украина, Молдавия, Румыния Болгария арқылы Грекия астанасы Афинаға жеттім", - дейді Түгелбек Қасымов.
Сондай-ақ, зейнеткер велосапармен Парижде де болған.
"Денсаулық жарап тұрған сәтте, велосипедпен ел аралауды одан әрі жалғастырмақпын. Бүгін ел Тәуелсіздігімен 30 жылдығы мен Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай бір топ адам Нұр-Сұлтан қаласынан Қостанайға велосипедпен аттанып барамыз.
Алда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы тұр, бұйырса Алматыдан Таразға велосипедпен бару жоспары тұр. Одан бөлек, індеттің жағдайы реттелсе 2022 жылы Алматыдан Шанхайға дейін велошеру ұйымдастыруды көздеп отырмын. Сапарда 6,5 мың шақырым жүру керек", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928510-76-zastagy-almatylyq-zeinetker-velosipedpen-alemnin-40-elinde-bolgan/