Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Босқындарға арналған лагерь емес": Түркия ауған босқындарын қабылдай алмайтынын айтты

Опубликовано:

Ауған босқындары
Фото: Sayed Khodaiberdi Sadat/Anadolu Agency via Getty Images

Түркия Ауғанстаннан келген бірде-бір босқынды қабылдай алмайды. Бұл туралы елдегі билеуші Әділет және даму партиясының баспасөз хатшысы Омер Челик мәлімдеді деп хабарлайды РИА Новости.

"Түркия – босқындар лагері емес. Бірде-бір босқынды (Ауғанстаннан келетін -ред.) қабылдауға мүмкіндігіміз жоқ. Біз өзіміз шешім қабылдаймыз. Шекарамызды мұқият күзетудеміз", – дейді Челик журналистерге.

Оның айтуынша, Түркия президенті Ережеп Тайып Ердоған Ауғанстандағы дағдарыстың жан-жақты шешімін тапқанын қалайды.

"Ол қарқынды түрде халықаралық мәміле жүргізіп жатыр. Ресей президенті Владимир Путинмен және Германия канцлері Ангела Меркельмен Ауғанстандағы жағдайды талқылады. Біз "Талибанның" басқаруына өткен Ауғанстандағы адам құқықтары тақырыбын мұқият қадағалаймыз. Ауған халқын жалғыз қалдыруға болмайды, қазір онда нағыз "драма" болып жатыр", – дейді Омер Челик.

Еске сала кетсек, 15 тамызда тәліптер Ауғанстан астанасы – Кабулды шабуыл жасамай-ақ бағындырған еді. Ел президенті Ашраф Гани өз өкілеттігін тоқтатып, мемлекеттен кетті.

Гани мұндай шешімді Кабулда "қантөгісті болдырмау" үшін қабылдағанын жазды. Айтуынша, "Талибан" өзін ел басшылығынан кетіру үшін осындай әрекетке баруға дайын болған.

Ал тәліптер елде 20 жылдық соғыстың аяқталғанын хабарлады. Дегенмен Кабул әуежайында дүрбелең басталып, мыңдаған адам ауған астанасынан қашуға тырысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928559-bosqyndarga-arnalgan-lager-emes-turkiya-birde-bir-augan-bosqynyn-qabyldamaitynyn-aitty/

pixel