Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Картинасы Лондонда ілулі тұрған қазақтың суретші қызы жайлы не білеміз

Опубликовано:

Әсел Бекжан
Әсел Бекжан: Жеке мұрағат

Алматылық Әсел Бекжанның суретшілік өнері көпшілікке жақсы таныс. Ол 27 жасында кәсіби суретшілік деңгейіне жеткен портретші, өнертану ғылымдарының магистрі. Әселдің портреттері бүгінде жастар арасында кеңінен танымал. Ол Бауыржан Момышұлы, Батырхан Шүкенов, Геннадий Головкин сынды ел мақтаныштарының суретін салу арқылы көпшілік жүрегіне жол тартты. KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат берген Әсел Сабыржанқызы суретшілік өнердің қыр сырымен бөлісті.

«Алматы қаласында дүниеге келдім, кәсіби суретшімін. Тоғыз жасымда отбасымызбен елордаға көшкенбіз. Сол жақта суретшілік өнерімді шыңдай түстім. Алдымен көркемсурет мектебінде, кейін колледжде, содан соң, университетте білім алдым. 20 жасымда тұрмысқа шықтым. Жарым Нұрдәулетпен бірге үш жасар ұлымызды тәрбиелеп отырмыз. Осы орайда, менің шығармашылығымды түсініп, үнемі қолдау көрсететін жолдасыма рахмет айтамын», - дейді Әсел.

Бір қызығы, бүгінде суретшілігімен жастар арасында сүйіспеншілікке ие болған Әселдің отбасында бұл өнермен шұғылданатындар мүлде жоқ.

«Біздің әулетімізде суретшілер жоқ. Суретшілік менен басталады деп үміттенемен. Бала күнімнен сурет салуға қатты қызықтым. Әсіресе, адамдарды бейнелеген ұнайтын. 12 жасымда ата-анам көркемсурет мектебінде берді. Содан бері бояу мен сурет салуға деген махаббатым арта түсті. Маған сенім беріп, алаңсыз алға басуыма себепкер болған – ата-анам. Олар мені мақтан тұтып, үнему қолдау көрсететін. Картиналарымды үйге толтырып іліп қоятын. Бұл менің бала қиялыма қанат бітірді, одан әрі армандай түстім. Бүгінде мен тәжірибелі суретші ретінде қалыптасып келем. Сол үшін менің кәсіби шеберлігімді ең алғаш мойындаған жандарға алғысым шексіз», - дейді ол.

Әсел бүгінде гиперреализм бағытында сурет салуды мақсат еткен. Бұл бағыттың басты ерекшелігі – суретші картинаны фотосурет іспетті салып шығады.

«Сурет салар кезде өзіңнің бағытыңды тапқан жөн. Қазақстанда да, әлемде де суретшілер көп. Бірақ өзінің қайталанбас жолын тапқандар әрдайым ерекшеленіп тұрады. Бүгінде гиперреализм бағытые таңдап, соңғы картиналарымды фотосуреттен айнымайтындай етіп салуға тырысудамын. Сондай-ақ, осы саланы елімізде одан әрі дамытқым келеді.
Сурет саларда шабытты адамдардан аламын. Өйткені, портретшімін. Өмірлік тәжірибесі мол, жігері мықты, түр-сипаты ерекше адамдарды, қарияларды жақсы көремін. Олардың энергиясынан, харизмасынан, сырт келбетінне, бетіндегі әжімдері мен сызықтарынан, тіпті, терісінің түсінен де энергия аламын», - дейді суретші.

Әселдің айтуынша, бір картинаны салу үшін орта есеппен екі аптадан бір айға жуық уақыт кетеді. Ал суретті мейілінше жылдам бітіру керек болса, 2-5 күн аралығында дайындауға да болады.

«Егер картинаны тезірек бітіру керек болса, уәдемде тұрып, салып шығамын. Бірақ ол кездері түнде ұйқы көрмеймін десем де болады. Бұрын тапсырысқа сурет салғанда майлы бояумен және он шақты қарындашпен бір айда 5-6 картина дайындайтынмын. Қазір өзімнің жеке көрмеме дайындалып жатырмын, енді мені ешкім асықтырмайды.

Жалпы, сурет салу біраз шығынды талап етеді. Бір түсті майлы бояуды 800-2500 теңге аралығындағы сомаға сатып аласыз. Алайда, сурет салу үшін бір ғана түс жеткіліксіз. Суретшіге шамамен 10 түрлі бояу керек. Әр екі ай сайын бұл бояулар таусылады, қайтадан жаңасын алу қажет. Кенептер орта есеппен 5 мың теңге. Бір айда шамамен 30-50 мың теңгені сурет салуға керекті заттарға жұмсаймын», - дейді Әсел.

Әсел Сабыржанқызы танымал адамдардың суретін салудағы өзіндік ерекшеліктерді атап өтті.

«Менің басты айырмашылығым – адамдарға өзімді суретшімін деп айтуға тәуекел еткенім. Қазақстандағы танымал тұлғалардың суретін саламын да, адамдар картинаның атмосферасын сезіну үшін кішігірім видео-таныстырылым жасаймын. Мысалы, Геннадий Головкиннің картинасын таныстыру үшін біз шаршы алаңда видео түсіріп, бокс, былғары қолғап кадрларын көп көрсеттік. Осылайша, біз Головкиннің мықты энергиясын көрсеткіміз келді. Болашақта мен батырлар мен хандарды, билерді, қоғам қайраткерлері мен жазушыларды, сондай-ақ, соғыс ардагерлерін салуды жоспарлап отырмын», - деді суретші.

Әсел Бекжан көптеген республикалық және халықаралық байқауларда жүлде алған. Ол 2012 жылы "Ernst & Young" компаниясы өткізген конкурсқа қатысып, екі картинасы жүлделі бірінші және екінші орын алған. Бүгінде аталған картиналар компанияның кеңсесінде ілулі тұр. Енді Әсел өзінің жеке көрмесін өткізуге күш салып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928684-xandar-men-batyrlardy-beinelegim-keledi-kartinasy-londonda-iluli-turgan-qazaqtyn-suretsi-qyzy-zaily-ne-bilemiz/

pixel