RU

"Лақтырып жіберді": Алматыда аудан әкімінен сұхбат алмақ болған журналисті күзетші ғимараттан қуып шықты (видео)

Ақбөпе Тәңірберген
Ақбөпе Тәңірберген: жеке мұрағат

Әлеуметтік желіде «Хабар 24» арнасының тілшісі Ақбөпе Тәңірбергенді әкімдік ғимаратына кіргізбей, күзетшінің сыртқа лақтырып тастағаны туралы видео кеңінен таралуда. Сұхбат алу үшін Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің қабылдауына кіре алмай, күзетшілер тарапынан үлкен қарсылыққа тап болған журналист KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, оқиғаның мән-жайын баяндады.

«Таңертеңгісін халықтан жергілікті проблемаларға қатысты сұхбат алып, сол мәселелер бойынша жауап алу үшін әкімдікке бардым. Бірақ аудан басшысы орнында жоқ екен. Қызметкерлердің айтуынша, әкім далада жүр. Далада жүрген жерінен сұхбат алайын десем, оған да қарсы болып, әкімнің кешкі бес жарымда жұмыс орнына келетінін айтты. Сөз жоқ, әкімді сол уақытқа дейін күттім.

Межелі уақытта әкімдікке қайта барсам, әкім әлі жоқ. Маған ашық әкімдікке кір дейді, ал ол жерден бір қыздан басқа ешкімді таппадым. Жұмыс күні аяқталып қалған соң, әкімдіктің алдына қайта бардым. Аппарат басшысы шығып, әкімнің әлі келмегенін айтты. Онда орынбасарлары шығып, сұхбат беруін сұрадым. Ол көмекшілерін шақыру үшін ішке қайта кіріп, шықпай қойды.

Күтіп төзімім таусылған соң, турникет арқылы әкімдікке кіріп кеттім. Бірақ мені сол жердің күзетшісі көтеріп алып, сыртқа шығарып жіберді. Бір сөзбен айтқанда, лақтырып жіберді. Кейін коронавирусты инфекция өршіп тұрған соң шығарып жібердік деп ақталыпты. Ал менің маскам болды, Ashyq қосымшасы бойынша статусым жасылды көрсетіп тұр. Тіпті, ол жерде ешкім статусты тексеріп жатқан жоқ», - дейді Ақбөпе.

«Сен - Әкімдік пен Халық арасындағы көпірсің»,-дедіңіздер. Мен желпілдеп жетіп бардым. Әкімдік болса сіздердің көпірлеріңізді далаға лақтырып жіберді. Бітті. Алматы қаласы Алатау ауданындағы әкімдіктен мәңгі естелік», - деп жазды журналист желідегі парақшасына.

Ақбөпе Тәңірберген журналистің кәсіби міндетін атқаруына кедергі келтіргені үшін Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінің үстінен сотқа арыз қалдырғанын мәлімдеді.

Кейін «Хабар 24» бас директоры Алена Горбачева арнаның әкімдік үстінен арызданатынын растап, Facebook желісінде жазба қалдырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1928724-laqtyryp-ziberdi-almatyda-audan-akiminen-suxbat-almaq-bolgan-zurnalisti-kuzetsi-gimarattan-quyp-syqty-video/