RU

Жамбыл облысындағы ТЖ: Қорғаныс министрлігі әскери қоймадағы өрттің неден шығуы мүмкін екенін айтты

Жамбыл облысы өрт75
Оқиға орнынан кадр: instagram.com/kris_p_kz

Алдын ала бойжам бойынша Жамбыл облысындағы әскери қоймадан шыққан өрт сол жерде сақталған тротилдың жануынан туындауы мүмкін. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, өткен түні Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрі сондай-ақ, қорғаныс ведомствосының комиссиясы мінген ұшақ Жамбыл облысына ұшып келген. Лауазымды тұлғалар оқиға орнына барған.

Министрліктің мәліметінше, инженерлік оқ-дәрілер қоймасында жалғасып жатқан өрт сол жерде сақталған тротилдың жануынан туындауы мүмкін.

Инженерлік оқ-дәрілердің жанып жатқанын өрттің динамикасынан байқауға болады.

Ал аспандағы түтін іздері қоймада сақталған сигналдық патрондардың өртенуіне байланысты болуы да ықтимал.

Ведомствоның дерегінше, Арыс қаласындағы өрт салдарын жойғаннан кейін аталған қоймаға инженерлік оқ-дәрілердің бір бөлігі шығарылған. Бұл қоймада алысқа ұшып жарылатын снарядтар жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында әскери бөлім қоймасының маңынан өрт шығып, жойқын жарылыс болғаны хабарланған еді.

Төтенше жағдайға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында пікір білдірді.

Президент оқиға орнына шұғыл түрде Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрі сондай-ақ, Ішкі істер вице-министрі аттанғанын және аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.

Соңғы мәліметтер бойынша төтенше жағдайдан 66 адам зардап шеккен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929133-qorganys-ministrligi-zambyl-oblysyndagy-askeri-qoimadagy-orttin-neden-syguy-mumkin-ekenin-aitty/