RU

Мәулен Әшімбаев: Мұндай сын сағатта, ең алдымен, сабыр сақтау маңызды

Мәулен Әшімбаев
Фото: ҚР Парламентінің Сенаты баспасөз қызметі

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жарылыс салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтты.

«Жамбыл облысында болған төтенше жағдай бәрімізді алаңдатып отырғаны рас. Мұндай сын сағатта, ең алдымен, сабыр сақтау маңызды екені түсінікті. Өкінішке қарай, қаза тапқандардың бар екені белгілі болды. Опат болғандардың отбасылары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз және апаттан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз», - деп бұл туралы ол өзінің facebook парақшасында жазды.

Сонымен қатар Сенат төрағасы қазір апат аумағындағы ахуал Мемлекет басшысының бақылауында екенін атап өтті.

«Президентіміздің тапсырмасымен тиісті органдардың басшылары оқиға орнына шұғыл барып, облыс басшылығымен бірлесіп әрекет етуде. Сондай-ақ, Байзақ ауданында жедел штаб құрылып, құтқарушылар, әскери қызметшілер, дәрігерлер және басқа да белсенді азаматтар жұмыс істеп жатыр», – делінген жазбада.

Бұл арада, қаза тапқандардың барлығы әскери қызметкерлер екені белгілі болды. Қазіргі уақытта зардап шеккендердің саны 90 адамға жетіп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, 26 тамыз кешкі сағат 19:00 шамасында Жамбыл облысы,Байзақ ауданының жанындағы әскери қоймада өрт шығып, жарылыс орын алды. Кешеден бастап оқиға орнында Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы жұмыс істеп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929287-maulen-asimbaev-mundai-syn-sagatta-baibalamga-salynbau-manyzdy/