"Сене алмадым": Жүкті екенін босанатын күні бір-ақ білген келіншек қызды болды
Опубликовано:

Ұлыбритания тұрғыны өзінің жүкті екенін босануына төрт сағат қалғанда бір-ақ білді. Ол құрсағында бала барын білмей, ішін жай ғана жел кеулеген деп қателесіп келген. Бұл туралы Metro хабарлайды.
Нортгемптон қаласында тұратын 25 жастағы Лорна Гудингс тамыздың басында өзін жайсыз сезініп, достары оны ауруханаға апарады. Сол кезде келіншекке дәрігерлер аяғы ауыр екенін айтып, оны қатты таңғалдырған.

"Дәрігерлер маған жүктіліктің 38 аптасында екенімді және көп ұзамай босанатынымды айтты. Мен бұған сене алмадым", - дейді Лорна.
Бір қызығы, шілде айында ғана Лорна жүктілікке тест тапсырып, ол жалған теріс нәтиже көрсеткен екен. Сол себепті, келіншек осы күнге дейін ішін жай ғана жел кеулеген деп ойлап келіпті.

Лорна ауруханаға жатқызылғаннан кейін төрт сағат өткенде Дафна атты қыз баланы дүниеге әкеледі.

Бұл жайт Лорнадан бөлек, оның 42 жастағы күйеуі Ник Бурдяк үшін де жағымды тосынсый болды.
Қыз бала аман-есен дүние есігін ашты. Оның салмағы шамамен 3,7 келі.

Ерлі-зайыптылар осымен екінші рет ата-ана атанып отыр. Олардың тұңғышы - Вивьен есімді қыз бала 2020 жылдың маусымында дүниеге келген.
Еске салсақ, бұған дейін Оңтүстік Уэльстегі Ньюпорт қаласының 18 жастағы тұрғыны күтпеген жерден емхананың дәретханасында босанып қалғаны туралы жазған едік. Ол да өзінің жүкті екенінен мүлде бейхабар болған. Жас келіншек жүктіліктің ешқандай белгілерін сезбегенін алға тартқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929636-sene-almadym-zukti-ekenin-bosanatyn-kuni-bir-aq-bilgen-kelinsek-qyzdy-boldy/