«Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін»: Кеншілер өз өмірі жайлы ағынан жарылды
Жарияланған күні:
Кеншілердің еңбегі ерен. Олар елдің дамып, гүлденуіне өз сүбелі үлестерін қосып, өңірлер экономикасына ерекше серпін береді. 29 тамыз күні кеншілер кәсіби мерекесін атап өтті. Осы орайда NUR.KZ тілшісі жер астына түсіп, қауіпті жұмысқа еш тайсалмастан кірісетін кеншілердің бір күні қалай өтетінін біліп қайтты.
Жер астында бастысы тәртіп болуы керек
Ерік Әубәкіровті күнде таңертең жұмысқа аттанарда жақындары «Алла жар болсын» деген батасымен шығарып салады. Көпбалалы отағасы ең ауыр жұмыстардың бірі – кеншілікке бет бұрған. Оның жер астында аптасына алты күн бойы алты сағаттан еңбек терін төгіп жүргеніне 12 жылдың жүзі болды. Әубәкіров – Шығыс Жезқазған кенішіндегі «Анненская» шахтасы үңгушілерінің бригадирі. Оның қоластындағы 10 адамнан құралатын бригада «Әубәкіров бригадасы» деп атанып кеткен.
«Үңгушілер – шахтаға бірінші болып түсетін, жолдарды төсеу және жабдықтаумен айналысатын мамандар. Біз бұған дейін ешкім аяқ баспаған жерлерде жұмыс істейміз. Жаңа штректерді саламыз - бұл көлденең жерасты тау-кен қазбасының атауы. Содан кейін кен жиналған блоктарды ашып, оларды әрі қарай бұрғылау мен жару жұмыстарына дайындаймыз», - деп түсіндіреді Ерік Әубәкіров.
Бригадир қызығы мен шұжығы мол бұл жұмысқа жастайынан араласты. Мектепті 2000 жылы бітірген ол бірден корпорацияға жұмысқа тұрады. Шамамен 9 жыл «Қазақмыс» мердігерлік көлік кәсіпорнында жұмыс істейді. Сол арада Қазақ қатынас жолдары университетінің тұсындағы техникалық-экономикалық колледжде тасымалдауды ұйымдастырушы техник мамандығы бойынша сырттай оқып, Қонаев атындағы Көлік және құқық гуманитарлық университетінде («Тасымалдауды, қозғалысты және көлікті пайдалануды ұйымдастыру» мамандығы) жоғары білім алады. Кейін Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін бітіріп, тау-кен жұмыстарын меңгереді. Оның бұл мамандықты таңдауы да кездейсоқ емес, себебі ол шахтада жұмыс істеп жүріп, өз саласына әбден машықтанған.
Кенші үшін басты қағида – қауіпсіздік техникасы ережелерін барынша сақтау. Өз саласының шебері атанып отырған Еріктің айтуынша, шахтада қатаң тәртіп болмаса, жұмыс еш өнбейді. Себебі, жер бетінен жүздеген метр тереңдікте жұмыс істеудің өзі түрлі қауіптерге толы.
«Біріншіден, тау-кен қазбасының сілемінде пайда болатын тау-кен қысымынан қауіп төнеді. Бұл қирау жағдайларына әкеліп соғуы мүмкін – ірі тастар кенеттен үгітіліп, құлап кетуі ғажап емес. Оның үстіне басып қалу қаупі де бар», - дейді кенші.
Ерік Әубәкіров өзінің алғаш рет жер астына түскен сәтін әлі де ұмытқан емес. Алғашында тұла бойын үрей билеген ол, біртіндеп жұмысына деген қызығушылығы қорқыныш сезімін баса түскенін айтуда.
«Алғашқы үш күнде жердің терең түбінде жүргенімді ойлай бастағаннан-ақ, қатты қорқатынмын. Ауа жетпей қалады немесе кез келген сәтте үйінді астында қалып қоямын деген қорқыныш болатын. Кейін біртіндеп етің үйрене бастайды. Барлық үдерістер түсінікті бола бастаған сайын бригада алдына қойылған тапсырманы орындау, тіпті жоспарды еселеп орындау ғана маңызды бола түседі. Сол сәтте өз жұмысыңнан нағыз ләззат аласың», - дейді үңгушілер бригадирі.
Ол кенші үшін физикалық көрсеткіштер де ерекше маңызға ие екенін жасырмады. Айтуынша, жұмыскерге шыдамдылық, мықты денсаулық, сондай-ақ табандылық қажет. Десе де, Әубәкіров бұл мамандықты таңдағанына еш өкінбейтінін алға тартуда.
Айта кетерлігі, Ерік Әубәкіров адал әрі ерен еңбегі үшін І және ІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталған.
Ұрпақтан-ұрпаққа дарыған кеншілікке деген құштарлық
«Жомарт кеніші» №2 учаскесінің механигі Ислам Абсаламовтың шахтадағы тәжірибесі айтарлықтай мол емес - үш жылдан астам уақыт. 24 жастағы маман - Қарағанды жоғары политехникалық колледжі мен академик Е.А. Букетов атындағы Қарағанды университетінің түлегі. Кеншілер қатарына қосылғанға дейін ол бір жылға жуық Жезқазған тау-кен байыту фабрикасында монтажшы болып жұмыс істейді. Алайда ұрпақтан-ұрпаққа дарыған кенші мамандығына деген құштарлық оны да айналып өтпеді - кеншілер әулетінің өкілі көп ұзамай шахтаға теспе бұрғылаушысының көмекшісі болып жұмысқа орналасты.
«Отбасымда ата-әжем кенші болды, әкем мен анам да шахтада жұмыс істеді. Сондықтан мен бала кезімнен кеншінің күнделікті өмірі жайлы көп естумен болдым. Мұның бәрі қызықты әрі таңғаларлық болып көрінді. Байланысшы мамандығын меңгергеннен кейін көп ұзамай отбасымыздың аға буынынан үлгі алып, кенші ретінде өз еңбек жолымды жалғастыруды шештім. Оның үстіне, кеншілер жақсы ақша табады, ал біздің облыстың жастары арасында бұл кәсіп өте беделді болып саналады, көпшілігі кеншілер қатарынан табылуға тырысады», - дейді жас жігіт.
Талай адам кенші атануға талпынғанымен, кәсіптің қиыдықтарына бәрі бірдей төзе алмайды - Ислам жаңа жұмыскерлердің бірнеше рет жер астына түскеннен кейін жұмысқа деген ынтасын жоғалтқанына талай мәрте куә болған. Бұл таңғаларлық жағдай емес: басында бәрін де қорқыныш сезімі басады. Шахтада жұмыс істеуге машықтану үшін кейде бірнеше ай қажет.
«Мен екінші вахтаға да үйреніп кеттім. Әрине, бұл оңай емес. Мен үшін ең қиыны - аптап ыстықта жұмыс істеу, жер астындағы ауа температурасы кейде 40 градусқа дейін жетеді», - дейді Ислам Абсаламов.
Бүгінде учаске механигі ретінде ол байланыс пен электрикаға жауапты. Оның вахталық әдіспен жұмыс істейтін шахтадағы жұмыс күні таңғы 8-30-да басталып, 12 сағатқа созылады.
«Біз 690 метр тереңдіктегі жер астында жұмыс істейміз. Шахтаға көтерме жабдықтың көмегімен кіреміз - бұл бізді діттеген жерге 3-4 минутта жеткізетін жоғары жылдамдықты лифт. Бір уақытта көтерме жабдыққа 32 адам сыйып кетеді, және басты ереже - қанша адам төмен түссе, дәл сонша адам жердің бетіне көтерілуі керек», - дейді кенші.
Көтерме жабдық жер астына түсе салысымен, кеншілер күту залына жайғасады, ол жерден кеншілерді арнайы жерасты автобусы алып кетіп, учаскелеріне дейін жеткізеді. Учаскеге баратын жол шамамен 20-30 минутты алады.
«Осыдан кейін біздің жұмыс басталады – кен өндіру. Біз арбаны орнатып, кенжарды, яғни шахтадағы кені бар жерді қауіпсіздендіреміз. Түскі асқа дейін осы жұмыстарды бітіріп, жер астында тамақтанамыз. Ол үшін біз жұмысты бастамас бұрын асханадан тағамымызды аламыз. Әрине, суды да аламыз. Әрбір кеншіге 4 литр су беріледі», - дейді Ислам Абсаламов.
Кеншінің айтуынша, жұмыс кезінде ол гаджеттер мен интернеттен тынығады – онсыз жер үстіндегі адамның өмірін елестету мүмкін емес. Ал жер астындағы сыртқы әлеммен байланыс қолданыстағы рациялардың көмегімен жүзеге асырылады. Кеншілер смартфондарды өздерімен бірге алып жүрмейді – оған қажеттілік те шамалы, себебі әр минут есептеулі: олар тынымсыз еңбектенеді.
«Біздің жұмысымыздың тағы бір ерекшелігі – жыл ішінде күннің көзін сирек көреміз. Күзде, қыста және көктемде біз күн шықпай жатып шахтаға түсеміз және күн батқаннан кейін бір-ақ көтерілеміз. Бірақ бұл көңіл-күйді түсіре қояды деп айтпас едім. Жер бетіне шыққаннан кейінгі алғашқы минуттарда сезетініңіз: дем алуыңыз жеңілдей түсіп, денеңіз босаңсиды. Десе де ұзақ уақыт шахатада болмасаң, жұмысыңды сағына бастайсың, әсіресе демалыс кезінде. Жұмыстың өзіндік ерекше атмосферасы бар, оны ештеңемен салыстыруға келмейді», - дейді «Қазақмыс» корпорациясының кеншісі.
Қазақстанда ел үшін күн сайын ерен еңбек етіп жүрген осындай мыңдаған маман бар. Тау-кен жұмыстары қауіпті болғанымен, елдің гүлдене түсуі үшін маңызды. Жер астында жұмыс істейтіндердің қажырлы еңбегі құрмет пен ізетке лайық, ал Кеншілер күні оларға деген ризашылығымызды білдіруге берілетін тағы бір мүмкіндік.
«Әріптестеріме әр түсудің соңы сәтті көтерілуге ұласуын, төзімділік пен күш-қуат қашан да серкітері болуын тілеймін. Сарқылмайтын кен бұйырып, шахтадағы жоспар ойдағыдай орындалсын. Зор денсаулық, сәттілік пен мамыражай өмір болсын», - деп ақ тілегін жаудырды Ислам Абсаламов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929672-bul-mamandyqty-tandaganyma-es-okinbeimin-kensiler-oz-omiri-zaily-agynan-zaryldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.