Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Семейде мониторингтік топ басшысы той жасады деген күдікке ілінді

Опубликовано:

Той1
Көрнекі фото: piqsels.com

Семейде моинторингтік топ жұмысын үйлестіретін әкімдік қызметкері ұлан-асыр той жасады деген күдікке ілінді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Заңбұзушылық туралы ақпарат Instagram желісіндегі "Типичный Семей" парақшасында пайда болды.

Онда семейліктер банкеттің жергілікті мейрамханалардың бірінде болғанын жазып отыр. Сонымен қатар, жазбада карантин шектеулерін бұзған шенеуніктің өзі мониторингтік топ жұмысын ұйымдастыратыны да айтылады.

"Келіп түскен ақпараттар бойынша, кеше қаладағы үлкен мейрамханалардың бірінде мониторингтік топ жұмысын үйлестіруші, Семей қалалық әкімдігіндегі бөлім бастықтарының бірі өз немере інісінің тойын өткізген. Кеште әнші Айқын өнер көрсеткен. Тойда қаланың беделді тұлғалардың бәрі жиналыпты. Демек, басқаларға болмайды, өзіңе рұқсат па?", - делінген жазбада.

Қала тұрғындары биліктен аталған жайттың жай-жапсарын түсіндіруді сұрады. Олар жауап болмаса, тойдың фото-видеосын, тіпті, қонақтардың тізімін халық назарына ұсынатынын жеткізді.

Arnapress.kz басылымының тілшісі ресми пікір алу үшін ШҚО полиция департаментіне жүгінген. Ведомство бұл жайтты тексеру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.

"Аталған факті бойынша материал белгіленген тәртіппен Семей қаласының полиция басқармасында тіркелгенін және тиісті шешім қабылдау үшін Семей қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына жіберілгенін хабарлаймыз", - дейді ШҚО полиция департаментінен.

Ал санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасы материалдың зерттеліп жатқанын хабарлады.

"Тексеріс басталды. Мейрамхана иесін шақырып, тойды кім ұйымдастырғанын анықтап жатырмыз. Кім екенін әлі білмейміз. Бұл мәселемен менің орынбасарым Нұржан Ноғайбаев айналысады" , - дейді Семей қаласының бас санитарлық дәрігері Берік Тілебалдин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929793-semeide-monitoringtik-top-bassysy-toi-zasady-degen-kudikke-ilindi/

pixel