Елімізде педагогтарды қолдау мақсатында қосымша 1,2 трлн теңге бөлінеді
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында педагогтардың жалақысы 25 пайызға артқанын айтты. Алдағы үш жылда бұл мақсатқа қосымша тағы 1 трлн теңгеден аса қаржы бөлінбек деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Осы жылдың қаңтар айынан бастап педагогтардың жалақысы 25 пайызға артты. Алдағы үш жылда біз осы мақсатта қосымша 1,2 трлн теңге бөлеміз. Шаралар өз жемісін беріп жатыр. Бүгінде педагогикалық мамандықтарға түсіп жатқандардың орташа балы бірден артқанын көріп отырмыз. Мұғалімдерді қолдау саясатын ары қарай жалғастыра бермекпіз", - дейді президент.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы халықаралық олимпиада жүлдегерлерін тәрбиелеген мұғалімдерге де қолдау көрсетуді тапсырды.
Алдағы уақытта балаларға елдің кез келген жоғары оқу орнында конкурссыз гранттар беріліп, ақшалай сыйақылар ұсынылады. Ал ұстаздарды моральдық және материалдық жағынан көтермелейтін болады.
Айта кетейік, бүған дейін 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өсетінін хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929859-qazaqstanda-pedagogtardy-qoldau-maqsatynda-qosymsa-12-trln-tenge-bolinedi/