RU

"Тәрбиеші емес, жүйе кінәлі": Семейде балабақша қызметшісі жұмыстан кетуінің себебін айтты

Кербез Егінбаева
Фото: Instagram/kerbezim

Ерте жастағы балалар психологы Кербез Егінбаева балабақшаларда бүлдіршіндердің психикасы бұзылып жатқанын алға тартады. Тәрбиеші болып орналасып, екі күннен артық жұмыс істеуге шыдамы жетпеген маман еліміздегі балабақшаларда өзінің көңілі толмайтын жайттарды KAZ.NUR.KZ тілшісіне бөлісті.

Кербез Егінбаева бала тәрбиесі ісін зерттеп, көп оқығанын айтады. Өзі де бір баланың анасы. Тәрбиеші мамандығын өз қалауымен таңдаған ол еліміздегі балабақша жүйесіне көңілі толмайтынын жеткізді.

Айтуынша, бүгінгі таңда балаларды артық қозғалмауға, тыныш отыруға үйретіп тастаған.

"Мен балалармен жұмыс істегенді жақсы көремін. Бұл менің сүйікті ісім. Жақында балабақшаға жұмысқа тұрғаныма қатты қуандым. Қуанышым ұзаққа созылған жоқ. Онда екі-ақ күн жұмыс істеуге шыдамым жетті. Бірінші күні мен 4 жасар балалармен болдым. Екінші күні екі жастағы балаларға бас-көз болдым.

Төрт жасар балалармен жұмыс істеу маған қиынға соқты. Өйткені оларды әрдайым бір орнында тыныш отыруға үйретіп тастаған. Балалар тәрбиешінің айтқанын екі етпей орындауға бейімделгенін байқадым.

Мен бұл жерден құлдық сананың тәрбиесін көрдім. Балаларға қимыл-қозғалыс ауадай қажет. Бірақ бір топта 25 бала болса, олар жүгіріп-секіргенде біреуі жарақат алып қалуы мүмкін.

Сол себепті балабақшаларда белсенді қозғалуға физикалық жағынан да жағдай жоқ. Сондықтан да балаларға ұдайы тыныш отыруға тура келеді. Ал оларға тыныш отыруы үшін тәрбиешілер дауыс көтеруге мәжбүр", - дейді Кербез Егінбаева.

Ерте жастағы балалар психологы балабақшалардың ішкі жағдайын ашық айтты.

"Балабақшада білім беру, ойын арқылы дамыту процесстері әрі кетсе 30 минут қана болады. Яғни балалар бір-екі сағаттай бірнәрсе үйрене алады, ал қалған уақытта олар тыныш отыруы керек. Тіпті далаға шығып серуендегенде оларға жүгіруге болмайды", - дейді маман.

Кербез Егінбаева екі жасар балалармен жұмыс істеудің ерекшелігіне де тоқталды. Айтуынша, топтағы 25 баланың әрқайсысына екі тәрбиешінің көңіл бөліп, олармен етене жұмыс істеу мүмкін емес.

"Екі жастағы балалар үшін балабақшаға бару - алғаш анасынан ажырайтын кезең. Оларға анасынан бөлек жүру өте қиынға соғады, бәрі жылайды, қорқады. Оларға балабақшада жылулық жетіспейтінін сезем, олар құшақтасқанды аңсайды.

Бірақ алдыңда 25 бала отырса сен оның әрқайсысын құшақтай алмайсың ғой. Оның эмоциясын тыңдауға мүмкіндігің шектеулі, қауіпсіз жерде екенін сезіндіру мүмкін емес. Мен балабақша тәрбиешісі болып жұмыс істей алмайтынымды түсіндім. Балабақшаларда балалардың психикасы бұзылуда.

Бұған тәрбиеші кінәлі емес. Бұған жүйе кінәлі дер едім, бір топтағы 25 балаға екі-ақ тәрбиеші. Онда балаларға қажетті деңгейде көңіл аудара алмайсың. Қимыл-қозғалыстары шектелген. Мұны көру маған қиын болды. Сол үшін жұмыстан кеттім", - дейді семейлік тәрбиеші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930138-balalardy-tynys-otyruga-uiretken-semeilik-balabaqsa-tarbiesisi-zumystan-ketuinin-sebebin-aitty/