RU

Елордалық мейрамханада карантиндік шектеулерге қарамастан 60-қа жуық адам көңіл көтерді

Мейрамхана
Фото: astana.gov.kz

Елорданың мониторингтік топтары күн сайын кәсіпкерлік объектілерінде карантиндік шектеулердің сақталуын тексереді. Көңіл көтеру орындары карантиндік шектеулерге қарамастан санитарлық талаптарды бұзуын тоқтатар емес. Мәселен, өткен тәулікте 6 нысанда карантин талаптары сақталмағаны анықталды деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Есіл ауданының мониторингтік тобы "Horeca" мейрамханасын тексеру кезінде 60-қа жуық адам болғанын анықтады, карантин жағдайында мұндайға жол берілмейді, өйткені әлеуметтік қашықтық сақталмайды. Сонымен қатар, мекеме жұмыс режимін бұза отырып жұмыс істегені белгілі болды.

"Monte Bianco Hotel Astana" қонақүй-мейрамхана кешенінің караоке-барында да белгіленген жұмыс уақыты сақталған жоқ, бұл ретте тексеру кезінде ішінде 40 адам болғаны анықталды.

Мейрамхана
Фото: astana.gov.kz

Сондай-ақ тұрғындардан түнгі уақытта "Derby pub" бары тыныштықты бұзғаны туралы шағым түсті. Тексеру кезінде мекемеде 8 адам болған. Меншік иесі түсініктеме беруден бас тартты, сол себепті Есіл ауданының полиция бөліміне хабар берілді.

Сарыарқа ауданында орналасқан "Let's play" кафесі мен "Мята" лаундж-барында да карантин режимі сақталған жоқ. Байқоңыр ауданындағы "Corner 65" компьютерлік клубында да осындай бұзушылыққа жол берілген.

Компьютер клубы
Фото: astana.gov.kz

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға берілді.

Айта кету керек, COVID-19 індетінің төмендегеніне қарамастан елорда эпидемиологиялық жағдайды бағалау бойынша "қызыл" аймақтан әлі шыққан жоқ. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтары санитарлық нормаларды қатаң сақтауы керек: маска режимі, әлеуметтік қашықтық, қол гигиенасы. Азаматтар өздерінің де, өзгелердің де денсаулығын сақтау үшін коронавирусқа қарсы вакцинациядан өтуі керек, өйткені иммундау қауіпті вируспен күресудің жалғыз тиімді әдісі болып саналады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930434-elordalyq-meiramxanada-karantindik-sekteulerge-qaramastan-60-qa-zuyq-adam-konil-koterdi/