"Ажырасқан соң бұрынғы жұбайыңмен араласқан дұрыс па": Заңгер жауабы
Жарияланған күні:
Елімізде ажырасушылар саны күн санап артып келеді. Мамандардың айтуынша, жыл сайын 53 мың адам ажырасуға арыз береді. Жұбайлардың дәм-тұзы жараспай, жолдары екіге айырылуы қалыпты жағдай. Ал ажырасқан соң дұрыс қарым-қатынасты сақтап қалу үшін не істеу керек? Бұл сұраққа заңгер Гаухар Аукен жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
«Қазақстанда әрбір екінші жұп ажырасады. Біздің алдымызға көмек сұрап келетіндер қатары көп. Басым бөлігі алимент, мүлікті бөлу және балаға қатысты сұрақтармен келеді. Бірақ ажырасып кеткен жұбайлардың бұрынғы қарым-қатынасы сақталмайтыны белгілі. Ажырасқан соң бұрынғы жұбайын көрмей, балаларды көрсетпей, бір-бірі үшін жауға айналатындар жетерлік.
Мен өзім де күйеуіммен ажырасып кеткенмін. Бірақ біз қызымызды әлі күнге дейін бірге тәрбиелеп келеміз. Біз түсіністікпен, қазіргі заманның адамдары секілді ақылмен қарап, ажырастық. Алайда, барлық адамда мұндай жағдй бола бермейді. Көптеген отбасыларда әйелдердің құқығы аяққа тапталады. Міне, мен осыған бей-жай қарай алмаймын.
Әрине, ажырасқан соң да қарым-қатынасты сақтау үшін, бір-бірін сыйлау керек. Яғни, жұбайлар бір-бірінің таңдауын ажыраспай, некеде тұрған кезде-ақ сыйлап үйренуі тиіс. Бұрынғы күйеуіммен бірге тұрғанда біз бір-біріміздің жеке шекарамызды бұзған емеспіз, ар-намысымызға тиетін сөздер айтпадық.
Өйткені, неке сіздердің ешқашан да айырылыспайтыныңызға кепілдік бере алмайды. Ажырасқаннан кейін көпшілік адам байланысты үзіп, бір-бірін жек көріп, бұрынғы жұбайын мүлде жақындатпауға тырысады. Егер ортақ балаларыңыз болса, бұлай істеуге болмайды. Бір-бірімізге деген сыйластық пен баламыздың жанын жаралап алмайық деген тілек бізді әлі күнге дейін байланыстырады. Мұндай кезде «әйелі» мен «күйеуі» деген статустан гөрі, «әке», «ана» деген сөзге көп мән беру керек», - дейді заңгер.
Айта кетелік, бұған дейін Гаухар Аукен еліміздегі ажырасушылар саны жыл сайын өсіп келе жатқанын айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930503-azyrasqan-son-buryngy-zubaiynmen-aralasqan-durys-pa-zanger-kokeidegi-suraqtyn-zauabyn-aitty/