RU

"Үнді штамын жеңе алады": QazVac вакцинасының құрамы өзгерді

Екпе
Көрнекі сурет: NUR.KZ / Петр Карандашов

Отандық QazVac вакцинасының құрамы өзгерді. Енді QazVac-тың үнді штамын жеңе алатын қауқары бар деп хабарлайды КТК арнасы.

Жамбылдағы биологиялық институт бұрынғы препараттағы "Ухань" штамына қарсы компоненттің орнын "Дельтаға" ауыстырған. Яғни қазақстандық вакцинаның енді үнді штамын жеңетіндей қауқары бар.

"Қазақстан аумағында "Дельта" штамы жайылып белең алған кезде Үкімет вирусты жоюға қарсы жұмыстарды қолға алды. Клиникалық зерттеуге дейін препарат жануарларға салынды, жоғары нәтиже көрсетті. Ғалымдарымыз да вакцинаны өздеріне салдырды. Жасалған үлкен тәуекелдер үмітті ақтады", - дейді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария.

QazVac вакцинасының құрамын өзгертуде қазақстандық ғалымдар тұмауға қарсы екпе жасаудағы тәжірибелеріне сүйенген. Жақын күндері қайта жасалған препаратты өндіруге ресми түрде рұқсат берілсе, жаңа партия жаңа құраммен жан-жақтағы егу пункттеріне жеткізіледі.

Ең алғаш жасалған QazVac-тың үшінші кезең бойынша клиникалық зерттеуі аяқталған. Оның қорытындысы тек жарты жылдан кейін ғана жарияланады. Алайда бұл вакцина өндірісіне ешқандай әсер етпейді. Бүгінде отандық вакцинаның шамамен бір миллион дозасы шығарылған.

"Бүгінде үшінші кезең бойынша барлық клиникалық зерттеу аяқталды. Бұл жұмысқа 3 мың адам қатысып отыр. Шілденің соңында клиникалық зерттеудің қорытынды есебі әзірленді. Қазір қорытынды есеп Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сараптауынан өтіп жатыр, оның нәтижесі әлі келген жоқ. Дегенмен біздің әзірлеген есепке қарап, алғаш отандық вакцинаны клиникалық зерттеу сәтті жүргізілді деп айтуға болады", - дейді Күнсұлу Закария.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930718-undi-stamyn-zene-alady-qazvac-vakcinasynyn-quramy-ozgerdi/