RU

"Тротил болуы мүмкін": Ақтөбеліктер жарылғыш заттар қоймасын көшіруді талап етуде (видео)

Ақжар-2 ауылының тұрғындары11
Ақжар-2 ауылының тұрғындары/видеодан кадр: Астана арнасы

Ақтөбенің іргесіндегі Ақжар-2 ауылының тұрғындары Арыс пен Тараз оқиғасы қайталана ма деп үрейленіп отыр. Себебі, ауылдан 200 метрдей жерде жарылғыш заттар қоймасы орналасқан деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Тұрғындар қоймаға құзырлы органдар тексеріс жүргізіп, қауіп болса, қойманы басқа жерге көшіргенін қалап отыр.

"Арыста болған нәрсе, Таразда болған нәрсе ертең тағы қайталанып жүрсе, санымызды соғып қаламыз. Бүкіл бала-шаға бар. Мына жерде үлкен мектеп бар. Мың жарым орындық мектеп. Соның бәріне қауіп төніп тұр", - дейді ауыл тұрғыны Жәрдем Қазтуғанов.

"Әскери адамдар шығар, келіп жүреді көлігімен. Снарядтар бар дейді астында. Жарылыс бола ма, анық-қанығын білмейміз. Құзырлы органдар келіп, қарап тексерсе дейміз", - дейді тағы бір тұрғын Сержан Ақбосов.

Тұрғындардың айтуынша, қоймада сақталып жатқан жарылғыш заттар ескіріп қалған болуы ықтимал.

"Жер астында тротил болуы мүмкін. Оны тек тексергеннен кейін біле аламыз. Біздің талабымыз сол – көшіре ме? Үкімет өзі қарайды. Жақын жер, тротил жарылмасын, жарылса көпке дейін жетеді", - дейді өзге ауыл тұрғыны Ғани Дәрібанев.

Белгілі болғандай, Ақжар-2-дегі қойма "Қазөндірісгеофизика" мекемесіне тиесілі. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбедегі өкілдері қоймадағы жарылғыш заттар тек өндірістік мақсатта пайдаланылатынын айтады.

Яғни, мұнай өндіру кезінде ұңғымаларды бұрғылауға қолданылады. Ал, қойманың орналасқан жері қауіпсіздік ережелеріне сай, қашықтық нормасы сақталған, жылына бір рет тексеріледі дейді олар.

"Бұл аудан жаңадан салынып жатқанда, екі мыңыншы жылдардың басында ол жерде үй тұрғызуға болмайды деп тиісті органдарға хат жаздық. Соған қарамастан, елдімекен бой көтерді. Ол жерде бұрын үш қойма болған. "Запказвзрывпром", "ҚазЦКубнитрохим" және "Қазөндірісгеофизика" . Қазір тек соңғысы қалды", - дейді ТЖ министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша департамент директорының орынбасары Самат Тәждәулетов.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары қойманы көшіру жөнінде "Қазөндірісгеофизика" мекемесі басшылығына хат жазған. Мәселе әзірге шешімін таппаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930732-trotil-boluy-mumkin-aqtobelikter-zarylgys-zattar-qoimasyn-kosirudi-talap-etude-video/