Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтаулық келіншек үш-ақ айда 30 келі салмақтан қалай арылғанын айтып берді

Опубликовано:

2
Фото: Жеке мұрағат/ NUR.KZ

Ақтаулық Құралай Ізбасардың артық салмақпен күресуде өзгелерге бөлісері көп. 37 жасында салмағы 110 келіге жеткен келіншек KAZ.NUR.KZ тілшісіне өзінің дене бітіміне сай болатын салмаққа қалай оралғанын еш бүкпесіз баяндап берді.

Құралай Ізбасар өзінің толық екенін білсе де, арықтауды ертеңге шегере бергенін айтады. Алайда денсаулығынан табылған кінәраттар әйелдің артық салмақпен белсенді түрде күресуіне себеп болған.

"Әсіресе, жаңа көйлек алар кезде қатты қиналатынмын. 37 жасымда салмағым үш таңбалы цифрды көрсетті. Әртүрлі аурумен дәрігердің алдына бара бердім. Әйтеуір бір күні арықтаймын деп жүріп, уақыт өткізіп алдым. Отаға түстім... Алты айдан кейін сол ауруым қайта мазалап, дәрігеріме шағымданып едім, тағы да пышаққа түсетінімді айтты", - дейді Құралай Ізбасар.

Келіншек дертіне дауа іздеп, арықтаудың түрлі жолдарын қарастырғанын айтады.

"Артық салмақ әр баламды туған сайын арта түсті. Қытай дәрілерін ішіп арықтағаннан кейін екі есе толып кеттім. Жүгірдім, спортпен айналыстым. Салмақ тіземе әсер еткен.
1
Фото: Жеке мұрағат/ NUR.KZ

Содан кейін өз бетіммен нәруыздық диета туралы оқып-білдім. Білім үйреніп соның өнімдерін жасау үшін үйге лайықты азық-түлікті әкеліп, жасай бастадым. Бірақ денсаулығыма одан сайын зиян келтіріп алған сияқтымын. Өйткені, менің диета туралы сауатым жоқ еді. Қанша оқып, өздігіммен зерттедім дегеніммен болмады", - дейді ол.

Құралай Ізбасар артық салмақтан дұрыс тамақтану бойынша мамандар мен диетолог ғалымдардан алған кеңесі арқылы арылғанын жеткізді.

"Ішек жұмысы дұрыс болмай, соған байланысты өзіме кеңесші тауып алған болатынмын. Маман маған ең бастысы аз-аздан тамақтанып, су нормасын ішу керек екенін айтты. Біз калорияның есебінен арықтаймыз. Арықтау кезінде ағзамызға барлық макро-микро нутриенттер, минералдар қажет. Мамандардан су ішудің тәуліктік нормасын және оның қай мөлшерін қай кезде ішу керек екенін сауатты түрде үйреніп алдым.

Қай кезде бүйрек өте жақсы жұмыс істейтінін білдім. Суды дұрыстап ішу барысында сүйекке кальций қажет екенін, бұлшық етке нәруыз қажет екенін, жалпы нәруыздың адам ағзасының тірегі екенін білдім. Әйел адамның ағззасына күнделікті 120 гр кальций қажет. Егер кальций жетпесе суды көп ішкен кезде ағза оны сүйектен, шаштан алады. Минскіге барып, осы сала бойынша ғылым докторларынан лекция тыңдап, сабақ алдым.

Олар тәулік бойы адамның тамақтану режимі қандай болатынын түсіндірді. Мысалы, біздің ішектеріміз таңғы сағат жетіден бастап ояу болса, 7-8-дің арасында таңғы астың уақыты, сағат 10-11 арасында түстеменің уақыты, 13-14 сағатта түскі ас, екі жарым сағаттан соң тағы да аздап тамақтанып, содан соң кешкі асты қабылдау қажет екенін түсіндім», - дейді білгенімен ашық бөліскен Құралай Ізбасар.

Ақтаулық келіншек дұрыс тамақтану арқылы ғана арықтауға болатынын алға тартады. Үш айда дұрыс тамақтану арқылы 30 келі салмақ тастаған ол қимыл-қозғалысты да арттырған.

3
Фото: Жеке мұрағат/ NUR.KZ

"Жалпы 40 келі салмақ тастадым. Өзімді өте жеңіл сезінемін. 40 кг деген 40 литр суды ағзадан алып тастағандай ғой. Бұрында қарға адым жүруім мұң болса, қазір қиналмай жүремін", - дейді ол.

Құралайдың айтуынша, салмақ тастау мүлде қиын емес. Ол үшін дұрыс тамақтанып, тәтті тағамға шектеу қою керек.

"Біз аштан өлмейміз, астан өлеміз. Сауатсыздықтан ауру табамыз. Тамақтанудың өзі философия. Соны түсініп алсақ болды. Артық салмаққа бейім адам өмір бойы өзін ұстап жүруі керек. Барлық тамақты жеуге болады. Бірақ мөлшер дегенді білу қажет", - дейді ақтаулық тұрғын.

Құралай Ізбасар қыз-келіншектерді салмақ тастау туралы ешбір жарнамаға сенбеуге шақырады. Қазір "майды ерітіп беретін" неше түрлі аппараттар бар. Ондай жарнамаға сенудің қажеті жоқ. Ал липоксация деген ота да өмірге қауіпті. Ондай тәуекелге бармай-ақ, ауызды тиып, су нормасын ішіп, дәруменге бай тағамдарды ішіп-жеу маңызды", - дейді ол.

Құралай Ізбасар семіздікке әсер ететін бірнеше факторларға толығырақ тоқталды.

"Семіздікке тұқым қуалаушылықтың айтарлықтай қатысы жоқ. Ол бар жоғы 8 пайыз әсер етеді. Ал стрестен семіремін дегендерге айтарым ол 6-ақ пайыз әсер етеді, семіру - артық жегеннен. Артық салмаққа экологияның да әсері бар, бірақ ол бар-жоғы 11 пайыз", - дейді ақтаулық келіншек.

Салауатты өмір салтын ұстанатын келіншек ас туралы қазақ мақалдарының өміршең екендігіне көз жеткізген.

"Атам қазақ бәрін айтып кеткен. Таңғы асты тастама. Таңғы аста береке бар. Ас - адамның арқауы. Ауру астан. Бәрі дұрыс айтылған", - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін біз Құралайдың Құлсарыдан Бейнеуге дейінгі 210 шақырымды 45 градус ыстықта велосипедпен жүріп өткенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931249-aqtaulyq-kelinsek-us-aq-aida-30-keli-salmaqtan-qalai-arylganyn-aityp-berdi-foto/

pixel