Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Желтоқсан қаһарманы Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова дүниеден өтті

Опубликовано:

Алтынай Асанова, Оңғар Қабден
Алтынай Асанова, Оңғар Қабден: Facebook

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Ләззат Асанованың анасы Алтынай өмірден озды. Бұл туралы журналист Оңғар Қабден Facebook желісіндегі парақшасында бөлісті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Беу дүние-ай! Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Ләззәт Асанованың анасы Алтынай апамыз да фәниден бақиға көшіпті. Желтоқсан туралы деректі фильм дайындағанымызда үйінде сағаттап әңгімелесіп едік. Ләззәтын ақтау үшін жалғыз өзі шырылдап жүгірді. Жұрт сырт айналғанда да күресін тоқтатпады. Сол кезде жылап отырып қызымды сағынам, көрсем деймін деп егіліп еді. Қызыңыздың қасына барған екенсіз ғой. Бақұл болыңыз!", - деп жазды журналист өз парақшасында.

Алтынай Қауметқызы қызының атын ақтап алу үшін бар күшін сарқыған. 1986 жылғы көтерілістен соң Ләззат Асановаға жала жабылып, "Халық жауы" деп атағандар да болды. Анасы марқұм болған қызын ақтау үшін талай есікті қағып, талай құжатты тексеріп, кейін Ләззаттың кінәсіз екенін анықтайды.

Кейін өзінің Алматыдағы пәтерін сатып, қызы туралы естеліктерден құралған "Ақжазықтың ақмаңдай аруы" атты кітабын шығарған.

Отандық басылымдарға берген сұхбатында Алтынай Асанова қызының қазасынан кейін өзіне келе алмай, екінші топтағы мүгедек болып қалғанын да айтқан болатын.

"Оның өлімі маған өте ауыр тиді. Қайғыдан екінші топтағы мүгедек болып қалдым. 1991 жылға дейін сөйлей алмай қалған кездерім болды. Содан кейін барып, Ләззатым ақталғаннан кейін, жігерімді жинап, өмірге құштарлығым оянды. Мен былай ойлаймын, егер Ләззатым сондай алғыр, өжет, тапқыр қыз болмаса, менен тумаған болар еді. Енді Ләззатымның көрмеген қызықтарын бүгінгі тәуелсіз елдің жастары көрсе екен деп тілеймін", - деді Алтынай Асанова сұхбаттарының бірінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931338-zeltoqsan-qaharmany-lazzat-asanovanyn-anasy-altynai-asanova-dunieden-otti/

pixel