Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақ екенімді білсін дедім": Өзбек президентінің алдында ана тілінде сөйлеген қазақ қызы елді тәнті етті

Опубликовано:

Мерей Аманбаева
Фото: turkystan.kz

Әлеуметтік желіде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің алдына шығып, қазақша сөйлеген қазақ қызының видеосы кең таралып кетті. Студент кезінен бері Науаи облысында же­ке кәсіпкерлікпен айналысатын Мерей Аманбаева жағымды пікір жолдап жат­қан қазақстандықтардан мұндай реакция күтпегенін айтады деп жазады Turkystan газеті.

Мерей Аманбаева Өз­бек­стан президентімен болған кездесуде алдымен қа­зақша сөйлесіп, кейіннен сөзін өзбек тілінде жалғастыруының себебін түсіндірді.

«Мен мұны бұрыннан ойлап жүргенмін. «Пре­зидентпен кездесетін болсам, алдымен қазақ тілінде сөйлеймін, осылайша ол қазақ екенімді білсін, сосын өзбекше жалғас­тыра­мын, өзбек тіліне деген құрметімді білсін» деп ойлап жүретінмін. Негізі, ереже бойынша алдымен өзбекше сөйлеп, сосын қазақ тілінде сөйлеуге рұқсат сұрауым керек екен.
Ал мен керісінше алдымен қазақ­ша сөйлеп, кейін өзбекше сөйлеуге рұқсат сұрадым, президент өзбекше жалғастыруға рұқ­сат сұра­ғаныма қуанып, алғысын білдірді. Мен үнемі айтамын: қазақ пен өзбек – түбі бір, бауырлас ұлттар. Өзбек­станнан кеудеміз­ді итеріп, еш­кім кет деп жатқан жоқ. Кері­­сін­ше жағдайы­мызды жақ­сартуға мүмкіндік беріп отыр», - дейді қандасымыз.

Мерей Аманбаеваның сөзінше, Науаи облысының әкімі Қабыл Тұр­сынов Өзбекстандағы қазақтар­д­ы әрдайым қолдап жүреді.

«Кәсіп­кер болған соң, жолыңды кес-кес­теп, күн­дей­тіндер та­бы­ла­ды. Сондай теріс пи­ғылы бар адам­дар­дың маған кедергі кел­тіруіне жол бер­мей, әрдайым демеп жүре­ді. Ол кісі әсіресе домбырада ән шырқағанды ұна­тады. Ауыл-аймақты аралаған кезде шопан қазақ­тармен бірге отырып, ән тыңдап, шүйіркеле­сіп қайтады. Осыдан-ақ ол кісінің қазақ­тың мәдениетін жоғары бағалайтынын бағамдауға бо­ла­ды», - дейді ол.

Сондай-ақ, кәсіпкер қыз жақын арада Қазақстанға келіп қайтпақ ниетте.

«Жуырда «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкер­лер пала­та­сының өкіл­дері хабар­ласып, кездесуге шақырды. Коман­дамнан бес-алты маманды ертіп, қыркүйектің жиырмаларына таман елге баруды жоспарлап отыр­мын. Жалпы, мен Қазақ­стандағы маңызды оқиғалар­дан хабардар болып, жастар­ға қандай қолдау көрсетіліп жатқанын бақылап отыра­мын», - дейді Мерей Аманбаева.

Өзбекстанда тұратын қазақ қызы елге келсе Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, бейресми сұхбаттасқысы келетінін де жеткізді.

«Өзбекстандағы қазақтардың ол кісіге тарту етер сыйлығы бар. Одан бөлек, кө­кейім­де түйіп жүрген біраз нәрсені бөліскім ке­леді. Мысалы, Қазақстан және Өзбек­стан­дағы белсенді қазақтар, әсіресе жастар ара­сында форум өткізілсе екен деймін.

Сонымен қатар екі елдегі мықты кәсіпкерлер ара­сында пікір алмасулар көп болғанын қалаймын. Көпшілік алдында айта алмайтын тағы басқа жобалар бар. Жалпы, ол кісімен бейресми кез­десуде сұхбаттасқым келеді», - дейді Мерей Аманбаева басылымға берген сұхбатында.

Мерей Аманбаева 21 жасынан бастап кәсіп­кер­лікпен айналыса бастағанын айтады. Бүгінде ол көптеген жо­баға қатысып, ірі кәсіпті дөңгелетіп отыр­ған кәсіпкерлермен байланыс орнатқан. Өз сөзінше, қазір кәсіпкер ауыл шаруашылығы мен қатар мектепке дейінгі тәрбие ісін қолға алып, балабақша ашқан. Сондай-ақ жастарға кәсіпкерлік жүргізу бойын­ша тренингтер өткізеді.

Айта кетейік, Мерей Аманбаева 23 жасында Өзбек­стан­дағы дарынды қыздарға берілетін Зул­фия атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931366-qazaq-ekenimdi-bilsin-dedim-ozbek-prezidentinin-aldynda-ana-tilinde-soilegen-qazaq-qyzy-eldi-tanti-etti/

pixel