Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Төртінші жүзбіз": Глеб Пономарев мәскеулік басылымға еліміздегі орыс ұлтының өкілдері туралы сұхбат берді

Жарияланған күні:

Глеб Пономарев
Фото: Facebook/Глеб Пономарев

Белгілі қазақстандық блогер мәскеулік басылымға әлі шықпаған сұхбатының мәтінін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Қазақстандағы орыс ұлтының өкілдері жайлы болған сұрақтардың кейбірі Глеб Пономаревке жақпаған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Глеб Пономаревтың сөзінше, мәскеулік басылымды "Қазақстандағы этникалық орыстарды кемсіту" тақырыбы қызықтырған. Алдын ала жіберілген сұрақтарға жауап беру барысында Глеб Пономароев "кемсіту" сөзінің бірнеше рет қайталанғанын алға тартады.

"Қазақстанда орыстарды кемсіте ме? Өткен аптада маған мәскеулік басылымның тілшісі хабарласып, Қазақстандағы этникалық орыстардың өмірі туралы айтып беруімді өтінді. Сұрақтары жақсы басталды. Менің ата-бабам қазақ жеріне қалай келгені, кім болып жұмыс істейтінім секілді сұрақтар.

Жалғасы қызық болды. "Сізді немесе туыстарыңызды кемсітті ме? Дискриминация бар ма?", - деген мағынадағы сұрақтар бірнеше рет қайталанды. Редакторлар өзіне қажет жауапты менен суырып алғысы келіп тұрғандай көрінді. Менің қазақ тілі мен мәдениетіне көзқарасымды аудиториям жақсы біледі. Тіл үйрену бойынша әдістемем мен домбырада ойнаған бейнеролигім желіні шарлап кеткені де белгілі", - дейді ол.

Глеб Пономарев Алматыда туып-өскен. Блогердің сөзінше, нағашылары Верныйда ХІХ ғасырдың соңынан бері тұрақтап қалған. Ал өз жұрты соғыстан кейін келіпті.

Сондай-ақ, Глеб әлі жарық көрмеген сұхбатта еліміздің әр аймағында орыс тілі әртүрлі деңгейде қолданыста жүргенін, бірақ жыл өткен сайын қазақтілді халықтың үлесі көбейіп келе жатқанын айтқан.

Ол өзі де қазақ тілін үйренуге ден қойып жүргенін жасырмады.

Одан бөлек, сұхбатта Глеб Қазақстанда қоғамдық қызметте, бизнесте адамның ұлтына қарап алалау жағдайы болмағанын да баса айтқан.

"Бес қазақ жиналған ортаға бір орыс келе қалса, барлығы автоматты түрде орысша сөйлей бастайды. Ал орыс ұлтының өкілі сөз арасында қазақша сөйлеуге тырысады. Қазақ халқының үш жүзден тұратынын білетін шығарсыз. Қазақтардың өзі орыстарды кейде төртінші жүз деп атайды. Яғни бізді өзінің бір бөлшегі ретінде көреді. Өйткені соңғы ғасырларда біз барлығын бірге көрдік, басымыздан өткердік. Қазақстан халқына айналдық. Ресейдегі орыстар мен қазақ орыстарының арасындағы менталды айырмашылық ешкімге құпия емес", - дейді ол мәскеулік тілшіге берген сұхбатында.

Блогер сұхбат сұрақтарын жіберген тілшімен Алматыға келген кезінде кездескенін жазды.

"Мен кездесуге түсінбестік болуы мүмкін деген қауіппен дайындалып бардым. Алайда ресейлік журналист Алматыда болған бірнеше күн ішінде мұндағы адамдардың ғажап екеніне көз жеткізіпті", - дейді Глеб Пономарев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931388-tortinsi-zuzbiz-gleb-ponomarev-maskeulik-basylymga-elimizdegi-orys-ultynyn-okilderi-turaly-suxbat-berdi/