RU

Атырауда ағасының мәйітін жеті ай үйінде сақтаған мұғалім жұмыстан шығарылды

Қорап ұстаған әйел
Көрнекі фото: piqsels.com

Атырауда туған ағасының мәйітін жеті ай бойы үйінде сақтаған мұғалім жұмыстан шығарылды. Бұл  туралы өңірдің бас ұстазы Сатқан Есенғалиев мәлімдеді. Облыстық білім  басқармасы басшысының сөзінше, биология пәнінің мұғалімі мектеп директорының шақыртуына құлақ аспаған деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Сатқан Есанғалиев биология пәнінің мұғалімін мектеп әкімшілігі педагогикалық, қорғаншылық, әдеп кеңестеріне бірнеше рет шақырғанын жеткізді.

Оның сөзінше, шақырту қағаздарын да жіберіпті.

"Аталған педагог шақыртудан бас тартып келмей отыр. Соған байланысты "Еңбек" кодектерінің талаптарына сәйкес оны жұмыстан босатып отыр. Әрине ол кісінің шағымдануға құқығы бар", - деді Атырау облыстық білім басқармасының басшысы.

Сонымен қатар, Сатқан Есанғалиев шешім қабылдауда  оқушылардың қауіпсіздігі ескерілгенін ерекше айтты.

Ал отыз жылдан аса тәжірибесі бар мұғалім бұған қатысты сұқбат беруден бас тартты.

Автор: Б. Нәдірқызы

Еске сала кетсек, осыған дейін Атырау облысындағы бүтін бір ауылдың тұрғындары биология пәні мұғалімінен үрейленіп отырғанын жазған едік.

Айта кетейік, қайғылы жағдай қаңтар айында орын алған. Сол уақытта жер үйдің қорасынан 82 жастағы қарияның денесі табылып, елдімекенде түрлі алып-қашпа әңгіме тарайды.

Тұрғындар "мұғалім өз ағасының денесін үйінде жеті айға жуық сақтап келді" деген пікірде.

Алайда тергеу барысында ағасының қазасына қатысты істе 35 жылдық тәжірибесі бар ұстаздың кінәсі дәлелденбеген. Осыған қарамастан тұрғындар оқытушыны білім ошағынан біржола аластатуды талап еткен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931546-atyrauda-agasynyn-maiitin-zeti-ai-uiinde-saqtagan-mugalim-zumystan-sygaryldy/