"Апайдан қорқамыз": Атырауда биология мұғалімі бүкіл ауылдың зәресін ұшырып отыр
Жарияланған күні:
Атырау облысындағы бүтін бір ауылдың тұрғындары биология пәні мұғалімінен үрейленіп отыр. Тіпті кейбір ата-аналар баласын мектепке жіберуге жүрексініп қалған деп жазады КТК телеарнасы.
Айта кетейік, қайғылы жағдай қаңтар айында орын алған. Сол уақытта жер үйдің қорасынан 82 жастағы қарияның денесі табылып, елдімекенде түрлі алып-қашпа әңгіме тарайды.
Тұрғындар "мұғалім өз ағасының денесін үйінде жеті айға жуық сақтап келді" деген пікірде.
Алайда тергеу барысында ағасының қазасына қатысты істе 35 жылдық тәжірибесі бар ұстаздың кінәсі дәлелденбеген. Осыған қарамастан тұрғындар оқытушыны білім ошағынан біржола аластатуды талап етіп отыр.
Оқушылар мектеп табалдырығын аттауға қорқып қалған, дейді олар.
"Сондай адам біздің баламызға қалай сабақ береді?! Менің тоғыз оқитын немерем бар. "Апай келгенде қорқамыз" - дейді. Қасымызға жақындап келсе, ығысып отырамыз дейді. Үреймен отырған бала не білім алады?" - дейді ауыл тұрғыны Жеміс Мұхаметова.
Ал тағы бір елдімекен тұрғыны Жолдас Бейсекенұлы "елдің зәресін алған ұстазды басқа жаққа жіберсе екен" деген өтінішін білдірді.
Оның сөзінше, оқытушыдан үлкен кісілер де қорқады екен.
"Жұмыстан шығармау керек болса, облыс, қала, аудан білім бөлміне әдіскер етіп отырғызып қойсын. Ауылдан басқа жаққа алып кетіңіздерші!" - дейді Жолдас Бейсекенұлы.
Тұрғындар күдікке ілінген мұғалімнен қазіргі уақытта ағайын-туыстары мен көршілері де теріс айналғанын жеткізді.
Ал ұстаздың өзі телеарнаға сұқбат беруден бас тартып, барлық сауалға адвокаты жауап беретінін мәлімдеген.
Бұл жағдайға қатысты мектеп директоры түсініктеме берді.
"Ішкі істер басқармасына хабарласқан кезімізде ол куәгер ретінде іс қаралып жатыр деді. Тергеу ісі бойынша ақтап шықты. Ешқандай жазығы жоқ. Жұмысқа орналасу керек деген тапсырмамен оны қайта қабылдап, шеттетілген уақыттарына еңбекақы төлеп шықтық", - деді оқу орнының басшысы.
Айта кетейік, қаңтар айында 82 жастағы қарияның денесі қорадан табылған. Тергеу кезінде марқұмның өз ажалымен өлгені анықталыпты. Сондықтан оның 53 жастағы қарындасы жауапкершіліктен босатылған. Алайда жиналған жұрт мұғалім мүрдені үйінде сақтағаны үшін де жазалансын дейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930963-apaidan-qorqamyz-atyrauda-biologiya-mugalimi-bukil-auyldyn-zaresin-usyryp-otyr/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.