Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақ тілін әуелі қазақтар үйренуі керек": Ташкенттен келген Владислав Тен бір жылда қазақшаны меңгеріп алды

Жарияланған күні:

Владислав Тен
Владислав Тен: assembly.kz

Он бір жыл бұрын Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келіп, осы аралықта қазақ тілін еркін меңгерген Владислав Тен көпшілікке жақсы таныс. Жақсы өмір сүру мақсатында біздің елге қоныс аударған ол бүгінде қазақ тілін өзгелерге үйрететіндей деңгейге жетіп, тіл үйретудің жаңа әдісін ойлап тапқан. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Владислав тіл үйрену жолындағы қиындықтарға тоқталып, мемлекеттік тілді меңгергендегі басты мақсатын атады.

"Қазақстанға жақсы өмір сүру мақсатында көшіп келдім. Өзім Өзбекстанда туып-өстім, ал ата-анам елордада тұратын. Он бір жыл бұрын Қазақстанға келгенде мұндағы қазақ тілінің жағдайын көріп, мәдени шок алдым. Өйткені, Өзбекстанда өзбек тілін білуге міндеттісің, Қазақстанда да жағдай солай шығар деп ойладым. Менен бұрын көшіп келген ата-анам мұнда (Нұр-Сұлтанда – ред.) бәрінің орысша сөйлейтінін айтты.

Алғашында тілдің қажеттілігін түсінсем де, жеті жылдай уақытым кетіп қалды. Қазақшаны үйренуді 2017 жылдан бастап мақсатты түрде қолға алдым. Осылайша, бір жыл ішінде қазақ тілін үйреніп шықтым. Өзім дәрігер болғандықтан, қызмет барысында тілдің маған аса қажет екенін түсіндім. Өзбекстанда да дәл осындай қажеттілік болды", - дейді ол.

Владиславтың айтуынша, алғашында қазақша үйренетін тілдік орта болмаған. Сол себепті, тілге көңіл бөлуде аздап кешеуілдеп қалған.

"Айналамның бәрі орысша сөйлейтін. Көшеге шықсаң орысша, жұмысқа барсаң орысша. Барлық жер солай еді. Тілдік орта болмады менде. Таныстарымның бәрі орыс тілінде хал сұрасты. Негізі, мен орыс тіліне қарсы емеспін. Ол менің туған тілім десе де болады. Былай қарағанда, орыс тілі қазақ тілінің дамуына да кедергі келтіріп тұрған жоқ.

Бар болғаны – мемлекетті құраушы ұлт қазақтар өз тілінде еркін сөйлесе жарап жатыр. Қазақ тіліне сұраныс көбею үшін алдымен қазақтар өз тілінде сөйлеуі керек. Сол кезде қолданыс аясы кеңейе түседі. Тіл де тірі ағза сияқты. Ол да өседі, дамиды. Алдағы он-жиырма жылда қазақ тілінің өрісі бұдан да кеңейетініне шүбә жоқ. Тек, ең алдымен қазақ халқы қазақша сөйлесе болды. Өзге ұлттар да қажеттілі керек екенін білсе, үйреніп алады", - дейді Владислав.

Бүгінде Владислав Тен қазақ тілін үйрететін курс ашып, жұмыс істеуде.

"Біздің орталықта бірнеше тілдік курстар бар. Қазақ тіліне деген сұраныс та жоғары. Шыны керек, қазақ тілін үйренгісі келетіндердің басым бөлігі – орыстілді қазақтар. Олар бізден жап-жақсы біліммен шығып жатыр. Менімен бірге бес мұғалім жұмыс істейді. Оның үшеуі – қазақ тілінен сабақ береді.

Мен ойлап тапқан курстың басты ерекшелігі – бұл қазақ тілін білмейтіндерге арнайы жасалғандығында. Яғни, бәрін нөлден бастайды. Алгортимі солай. Қазіргі таңда қазақ тілі маған үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Негізі, кез келген тіл саған жол ашады. Сол секілді, қазақ тілін үйрену арқылы мен осы халыққа сіңісе бастадым, қазақтардан көп дос таптым. Тіл білгеннің еш айыбы жоқ", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931648-qazaq-tilin-aueli-qazaqtar-uirenui-kerek-taskentten-kelgen-vladislav-ten-bir-zylda-qazaqsany-mengerip-aldy/