Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Асқан қырағылық қажет»: Жарушы мамандар өз жұмысы жайлы айтып берді

Опубликовано:

Каска
Фото: https://pixabay.com/

Жару жұмыстары тау-кен өндірісінің ажырамас бөлігі болып табылады. Қауіп-қатерге толы әрі зор маңызға ие бұл жұмыс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Осы орайда, «Қазақмыс» корпорациясының жарушы мамандары өз жұмысының ерекшеліктері мен қызықты тұстары туралы айтып берді.

«Жарушы сапер секілді тек бір рет қателеседі»

Берік Кеңпейілов - 25 жылдық тәжірибесі бар жарушы. «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігінің Жыланды кенішінде жұмыс істейді. Ол жердің терең түбінде алғаш жарылыс жасаған сәт әлі күнге дейін көз алдынан кетпейтінін жасырмады. Бұл жайт Шығыс-Жезқазған кенішінің 57-шахтасында болған екен.

«Жасым 21-де еді, бізге мұзды бұзып, ұңғыманы бұрғылауды тапсырды. Бірінші жарылыстың толқыны қатты болғаны соншалық, басымдағы каска ұшып кеткені есімде. Қатты шошып қалдым, бірақ сол сәтте дәл осы салада жұмыс істегім келетінін ұқтым», - деп еске алды маман.
Жарушылар
Фото: Берік Кенбейіловтың жеке мұрағатынан

Құрылысшы мамандығы бойынша оқуды бітірген Берік Кеңпейілов 1996 жылы шахтаға жұмысқа орналасады. Ол кезде елімізде құрылыс саласы айтарлықтай өркендеп үлгермеген болатын. Өз саласы бойынша екі қолға бір күрек табу оңайға түспегесін, Берік тау-кен өндірісіне бет бұрады.

Жарушы мамандығын игерместен бұрын, ол ұңғымада және жарылғыш заттарды тарататын қоймада жұмыс істеп көреді.

«Жарушы мамандығының қыр-сырын үйренуге бел будым. Бұл жұмыстың қызығы мен жұшығы мол, үлкен жауапкершілікті әрі қырағылықты қажет етеді. Жұмысымның маған ұнайтын тұсы – қара күштен бөлек, ақыл-ойыңды да іске қосасың, үнемі әр қадамды есептеп, саралап, ой елегінен өткізіп отырасың. Мұның бәрін арнайы курстардан оқыдым, емтихан тапсырдым, сарғая күткен «Жарушының бірыңғай кітабына» қол жеткіздім, іс-тәжірибеден өтіп, өз міндетіме кірісе бастадым», - дейді Берік.

Айта кетсек, «Жарушының бірыңғай кітабы» - бұл жару жұмыстарына жауап беретін мамандардың басты құжаты.

«Біздің басты міндетіміз – кенжарды оқтау, жару жұмыстарын жүргізу және кенді шыңдау. Жұмыс тәуекелге толы, сондықтан жарушылар кітапта белгіленген ережелерді қатаң сақтауы керек. Бұл ережелер қанмен жазылған. Біз бұрғылау және жару жұмыстарын жүргізу тәртібі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікке қатысты ақпараттардың бәрін толыққанды білуге міндеттіміз, сондай-ақ барлық тәуекелдерді бағалай білу ​​және құжаттамамен жұмыс істей алу да маңызды. Біздің жұмыста босаңсуға жол жоқ», - дейді Берік Кеңпейілов.
Берік Кенбейілов
Фото: Берік Кенбейіловтың жеке мұрағатынан

Тәжірибелі маманның сөзіне сенсек, бүгінде жару жұмыстары оның енді жұмысқа кіріскен кезеңімен салыстырғанда, әлдеқайда қауіпсіз. Мәселен, бұған дейін электрлі, оттық жарылыс жасалынып келсе, қазіргі таңда күтпеген жерден жарылыс жасау қаупін азайтатын әрі электр тоғы өтпейтін түтіктер қолданылады.

«Жарылыс жасау кезінде біз тау-кен жұмыстарына арналған жарылғыш заттарды қолданамыз. Мәселен, түйіршікті аммиак селитрасы мен гексогеннің қоспасы. Біз оны пневматикалық әдіспен тұтандырып, патрон саламыз, және капсюль-детонаторда жарылысты болдырамыз», - деп түсіндірді ол.

Әрине, ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ол бірнеше рет қауіпті жағдайға тап болып үлгерді. Бірақ, бұл оның өз кәсібіне беріліп жұмыс істеуіне кедергі бола қоймады. Өз жұмысына деген құштарлық және отбасын қамтамасыз ету қажеттілігі Берікке жұмысында күш-қуат беріп келеді. Әрі «Қазақмыс» корпорациясында жарушылардың еңбекақысы жақсы деңгейде төленеді.

«Бұл – өмір. Табысыммен отбасымды қамтамасыз етіп отырмын, үйде қаражаттың жеткілікті болуы, балалардың әл-ауқаты, олардың болашағына кірпіш қалау, бәрі маған байланысты болып отыр. Шахтада жұмыс істейтіндердің барлығы - нағыз азаматтар, отбасын асыраушылар, олар үшін отбасы – басты қозғалтқыш күш. Жер астына түскен сайын біз тек жақындарымызды ойлаймыз», - дейді Берік Кеңпейілов.

«Психикасы орнықты адам ғана жарушы бола алады».

Жарушы атанар алдында барлық қызметкер міндетті түрде құқық қорғау органдарының тексерісінен өтеді. Бұған дейін істі болған азаматтың бұл салада қызмет етуіне жол берілмейді. Сонымен қатар, жарушылар жыл сайын психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерден, сондай-ақ учаскелік полиция қызметкерінен анықтама алып отыруы қажет.

«Кәсіби жарушының денсаулығы мықты әрі психикасы орнықты болуы қажет. Себебі, төтенше жағдайларда, біз сабырмен шешім қабылдауымыз керек, жүйкеміз жұқармаған болуы керек - шамадан тыс эмоцияға берілетін адам абыржып, дұрыс әрекет ете алмай қалады. Ал жарылғыш материалдармен жұмыс істегенде, ондайға жол берілмейді», - дейді Оңтүстік Жезқазған кенішінің жарушысы Елдос Бірмағанбетов.
Елдос Бірмағанбетов отбасымен
Фото: Елдос Бірмағанбетовтың жеке мұрағатынан

500 метр тереңдікте жару жұмыстарын жүргізіп жүрген Бірмағамбетовтің айтуынша, жарушыны шахтаға түсер алдында міндетті түрде алкотестпен тексереді - қауіп-қатерге толы жұмысқа кіріспес бұрын әр қызметкердің қанында алкогольдың бар-жоғы анықталады. Және, әрине, олар ауысымды қабылдаған кезде қауіпсіздік техникасы бойынша толықтай нұсқау алады.

«Жарушылар үшін негізгі тәуекелдердің бірі - тастардың құлауы, электр тоғының соғуы, шаң мен газдың жарылуы. Біз жарылғыш заттармен жұмыс істейміз. Сондықтан, жұмыс дәлдік пен қатаң тәртіпті қажет етеді. Мұндай кезде асығыс әрекет ете алмайсыз, өзге нәрселерге алаңдап, ойыңызды жинақтамай отыруға да мүлде болмайды», - дейді Елдос Бірмағанбетов.

Ол 2014 жылдан бері жарушы ретінде жұмыс істеп келеді. Соған қарамастан, әр ауысымға үнемі мұқият дайындалады, барлығын тағы бір қайталап, тіпті ең қарапайым ережелерді қайта есіне түсіреді.

«Алғаш рет жарылыс жасаған кезімде қорыққан емеспін, себебі, қасымда бәрін түсіндіріп, бағыт беріп отырған тәлімгерім болды. Сонымен қатар, егер сіз бәрін ережеге сәйкес жасасаңыз, онда қорқатын ештеңе жоқ», - деп есептейді маман.
Елдос Бірмағанбетов
Фото: Елдос Бірмағанбетовтың жеке мұрағатынан

Ол Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Шахталық және жерасты құрылыс» мамандығы бойынша бітірген. Елдос үшін жер астында, кез келген температурада әрі кез келген жағдайда жұмыс істеу таңсық дүние емес. Жұмысына кеткен сайын жақындары жолын тосып, уайымдайтыны да рас. Елдос Бірмағамбетов - көпбалалы әке, әйелімен бірге жеті баланы тәрбиелеп отыр.

«Жақындарым шахтаның бір жерінде апатты жағдай болғанын естіген сайын, жұмысымды ауыстыруымды сұрайды, уайымдайды. Бірақ мен оларға алаңдайтын дәнеңе жоқтығын айтып, сабырға шақырамын. Оның үстіне, бұл - менің таңдауым, өз жұмысымды жақсы көремін», - деп түйіндеді ол.

Тау-кен өндірісі Елдос Бірмағамбетов пен әріптесі Берік Кеңпейілов сынды мамандардың арқасында өркендеп келеді, дейді «Қазақмыс» корпорациясы. Себебі, жарушының еңбегінсіз, жаңа пайдалы қазбаларға қол жеткізу әсте мүмкін емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931706-asqan-qyragylyq-qazet-zarusy-mamandar-oz-zumysy-zaily-aityp-berdi/

pixel