Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бірсарынды өмірден жалыққанда не істеуге болады: Белгілі психолог кеңес берді

Жарияланған күні:

Ермек Нұрымов
Фото: Instagram/ermek_nurymov

Қазіргі кезде адамдардың үнемі шаршап жүруі, энергиясының сарқылып, ештеңеге зауқы болмауы сынды белгілердің бірсарынды өмір салдарынан екенін мамандар жиі айтады. Психолог Ермек Нұрымов күнделікті қайталанатын күйбең тіршіліктің адам жүйкесіне әсер етпей қоймайтынын алға тартады. Практик маман бұл күйден шығудың бірнеше жолын атады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Эмоционалды интеллектті дамыту коучы Ермек Нұрымов күнделікті қарбалас өмірдің жүйке жүйесіне әсерінен адамдарда болатын эмоционалды күйіну синдромы туралы айтып берді. Психологтың сөзінше, бұл көбінесе қым-қуыт тіршілігі қайнаған қалалық жерде тұратын адамдар мен төрт қабырғадан басқа ештеңе көрмейтін үй шаруасындағы әйелдерде жиі кездесетінін жеткізді.

"Бірінші кезекте адамның психологиялық жүйке жүйесіне күнделікті қайталанатын - жұмысқа барып-келу, автобуспен жүру, кептелісте тұру секілді сәттер әсер етеді. Мұндай бірсарынды өмір адамды мең-зең еткізіп, есіңді әрең жинайтын дәрежеге жеткізеді", - дейді психолог.

Ермек Нұрымов бірсарынды өмірге өзгеріс енгізбеу - эмоционалды күйіну синдромына шалдықтыратынын айтып, оның басты белгілерін атап өтті.

"Шаршап жүресіз, энергияңыз сарқылып, түкке құлшынысыңыз болмай қалады, бас ауруы, ұйқысыздық жиі мазалауы мүмкін, айналадағы адамдармен, әсіресе, бірге тұратын жандармен жиі сөзге келіп қалу, пессимизм белгілері айқын көрінеді. Бұл синдром ағзамызда кей аурулардың пайда болуына ықпал етеді. Әдетте көбі өзінің эмоционалды жағдайын жеңілдету үшін ішімдікке үйір болып, темекі шегетін болса, оның мөлшерін тіпті асырып жатады. Алайда, одан жағдай ушықпаса, түзелмесі анық", - дейді ол.

Психолог жалығудан туындайтын мәселеден өмірге өзгеріс енгізіп, өзіне ұнайтын іспен айналысу арқылы жеңіл түрде арылуға болатынын айтады.

"Қажет болса, ұжымы да, процесі де көңіліңізге қонбайтын жұмыстан кетіңіз. Онда қалуға қандай себеп көріп тұрсыз? Өзіңізді неге қинайсыз? Мұндай қадамнан қорқудың түк қажеті жоқ. Жапония халқы тіпті әр үш жыл сайын жұмысын ауыстырып отыруға дағдыланған.

Үй шаруасындағы келіншектерде де эмоционалды күйінуге жиі ұшырайды. Себеп- 24/7 төрт қабырғадан басқа ештеңе көрмеу, бітпейтін үйдің тірлігінен жалығу. Ара-тұра өзіңізге уақыт арнау арқылы күйеуіңіз бен ата-енеңізге де, бала-шағаңызға да пайдаңызды тигізесіз. Жақсы демалыстан кейін көңіл-күйіңіз әжептеуір көтеріліп қалады. Ал жақсы көңіл күй - қуат. Сеніңіз, бұрынғыдан да өнімдірек іс атқаратын боласыз", - дейді психолог эмоционалды күйіну синдромына шалдыққан жандарға кеңес ретінде.

Психолог маман бірсарынды өмірді өзгертуге бетбұрыс жасауға шақырды. Оның сөзінше жақсы көңіл-күйде жүруге талаптану арқылы эмоционалдық күйіну жағдайынан оңай шығуға болады.

"Таңертеңнен бастап жақсы көңіл-күймен жүру, тіпті біреу сіздің көңіл-күйіңізді түсіруге әрекет етсе де, оның жүзіне шынайы күлімсіреп қарау, күнделікті бір адамды болса да шын көңілмен қуанту, түс уақытында 30 минут болса да көз шырымын алып, демалып алу да кешке дейін көңіл-күйіңіздің бірқалыпты жүруіне көмектеседі. Таңертең тұрғанда медитация жасау немесе жақсы бір кітап оқу, кешке келгенде тұзды ваннаға шайыну немесе сергітетін шай ішу, күнделікті өмірге жоспар құру, демалыс күндері саябаққа немесе табиғат аясына шығу бойыңызға қуат, көңіліңізге демеу болары сөзсіз", - дейді маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931790-birsaryndy-omirden-zalyqqanda-ne-isteuge-bolady-belgili-psixolog-kenes-berdi/