"Әйелім екі айлық қызыммен тастап кетті": Бес жасар мүгедек қызын жалғыз өсіріп отырған әке елді тәнті етті
Жарияланған күні:
Елорда тұрғыны Рысмахан Айтбаев бес жасар қызы Інжуді жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Қызы туған бойда ішкілікке салынған бұрынғы әйелі отбасын тастап кеткен. Жасы қырыққа таяғанда екі айлық нәрестемен жалғыз өзі қалған Рысмахан бүгінде қызын алақанда аялап өсіруде. Ана орнына ана, әке орнына әке болып жүрген оның ендігі арманы - қызы Інжудің аяққа тік тұрғанын, мектепте білім алып, аяулы жар атанғанын көру деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бүгінде Рысмахан елорда әкімдігіне қарасты жатақхананың бір бөлмесінде тұрады. Кішкентай Інжу оның өмірінің мәні, алданышы әрі үкілеген үміті. Алайда, қызының сал ауруына шалдыққаны әрі дұрыс сөйлей алмайтыны жалғызбасты әкенің жүрегін жаралауда.
"Қызымды екі айлығынан бастап өзім бақтым. Шүкір, бүгінде Інжуім бестен асты. Өте сұлу әрі ақылды қыз болып өсіп келеді. Әйелім араққа жақын болды. Әйтпесе, қандай ана екі айлық қызын тастап кетеді?! Сол кезден бері ешкімге қол жаймай, қызымды алға жетелеп келемін. Қызыма туабітті "спастикалық диплегия" диагнозы қойылған. Яғни, аяғын дұрыс баса алмайды. Жүрген кезде аяқ ұшымен жүреді, табаны жерге тимейді. Тілі де кеш шықты. Әлі де толық сөйлем айта алмайды. Бірақ осы күнге жеткенімізге де шүкір. Себебі, жағдай бұдан да ауыр болуы мүмкін еді. Қызымды аяғына тұрғызу үшін бармаған жерім қалмады. Мемлекеттен тегін квота алып, оңалту орталықтарында жылдап жаттым. Шамам болғанда, ақылы түрде де емдеттім. Бүгінде, міне, қызым аяғын басып, жүріп кетті. Әке ретінде маған бұдан асқан бақыт керек жоқ. Тілі де шықты, жайлап сөйлеп жүр", - дейді ол.
Рысмахан қызының денсаулығына байланысты қоғамнан алшақтанып, көп ешкіммен араласпай қалғанын да жасырмайды.
"Туыстарым, бауырларыма, достарыма өкпе жоқ. Әркімнің өз отбасы, өз проблемасы бар. Реті келгенде телефон соғып, жағдайымды сұраса да марқайып қаламын. Қызымды арқалап жүріп өсіріп келем. Бұрын дәнекерлеуші болып жұмыс істейтінмін, қазір бар уақытымды Інжуге арнаймын. Өйткені, оның денсаулығы үлкен күтімді қажет етеді. Одан бөлек, қызымды тастап кететін ешкім жоқ. Оны ешкімге сеніп тапсыра алмаймын. Мүгедектігіне байланысты үкіметтен 90 мың жәрдемақы аламыз. Соны барынша жеткізіп келемін. Қызым үшін алған кредитім де бар. Үш ай сайын қызыма ортопедиялық аяқ киім аламын. Бұл оның аяғына өте қажет. Одан бөлек, қызымды қатарға қосу үшін жиірек оңалту орталықтарына баруым керек. Міне, осы мәселе мені қинап тұр. Бәріне қаражат керек. Мен еңбектен қашпаймын, бірақ қызымды тапсыратын, қарайласатын ешкім жоқ", - дейді Рысмахан.
Бүгінде Рысмахан қырық жасқа келді. Оған таныстары үйлену керектігін көп айтады. Бірақ ол өзін ғана емес, қызын да шын жақсы көрсетін адам жолықпай жүргенін жасырмады.
"Әрине, үйлену туралы бәрі де айтады, өзім де білемін. Алайда, ендігі алған адамым қызыма мен сияқты қарай ала ма деген күдік бар. Өйткені, менің барым да, нарым да - қызым Інжу. Соны қатарға қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Арманым - оның мектепте өз қатарластарымен оқығанын, жоғары білім алып, ана атанғанын көру. Қызымнан немере сүйіп, ата болатын күнге жетсем деп қатты армандаймын. Мен қызымның денсаулығы үшін көмек сұраймын. Оның толық сөйлеп кетуіне, аяғын нық басуына біраз қаражат керек. Бүгінге дейін ешкімге қол жаймаған едім, қызым үшін барлық намысты ысырып қойып, қайырымды жандардан көмек сұраймын", - дейді ол.
Рысмахан Айтбаев пен қызы Інжуге көмектесем деушілер үшін реквизит төмендегідей:
Kaspi Gold: 8 707 516 71 81, Рысмахан Айтбаев
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931861-aielim-eki-ailyq-qyzymmen-tastap-ketti-bes-zasar-mugedek-qyzyn-zalgyz-osirip-otyrgan-ake-eldi-tanti-etti/