ШҚО-да медицина саласындағы студенттердің әзілі көпшілікке жақпай қалды
Жарияланған күні:
ШҚО-да медицина саласында білім алып жүрген студенттердің қалжыңы көпшілікке жақпай қалды. Бірі мұны жай әзіл ретінде қабылдаса, енді бірі студенттердің қалжыңын орынсыз деп тауып, оларды оқудан шығаруды талап еткен. Өскемен пабликтерінде пайда болған видеода студенттер жүкті әйелдің муляжын қолданып, оны "босандыруға" тырысады деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Видеода ешкімнің дауысы естілмей тұрғанына қарамастан, студенттердің әрекеті желі қолданушыларының ашуын келтірген.
"Олар кейін осылайша жұмысын атқарады", "Осындай адамдардың кесірінен көпшілік бізді - дәрігерлерді жек көреді. Өзін дұрыс ұстай білуі керек емес пе", "Бұл адамнан қандай акушер шығады? Қорқынышты, сөз жоқ", "Бұл жай әзіл болар деп үміттенемін", - деп жазған пікір қалдырушылар.
Кей желі қолданушылары видео кейіпкерлерін тауып, университеттен шығаруды талап етіп отыр. Алайда бұл оңайға соқпасы анық деп хабарлады телеарна. Себебі, Шығыс Қазақстандағы екі университет пен алты медициналық колледж видеодағы студентті танымайтынын мәлімдеген екен.
Ал құқық қорғаушылар болса, студент қыздардың әрекетінде тұрған ештеңе жоқ деген пікірде. Олардың ойынша, видеодағы әзілді түсінбеуге пандемия кезінде пайда болған медицинаға деген сенімсіздік себеп болуы мүмкін, сондай-ақ әлеуметтік желілерде мүмкіндігінше көп лайк жинау ниеті де осындай салдарға әкеліп отыр.
"Интернет гигиенасы болуы керек. Адамдар видеоны сабырмен қабылдауы керек, онда әзілдеп жатқандардың әлі балалар екенін түсінуі керек. Бәріміз де жас болдық. Бірақ сіз интернетке не нәрсені жариялағыңыз келсе де, ойлануыңыз керек, бұл ондағы адамның тағдырына кері әсер етуі мүмкін. Менің ойымша, студент өз ісіне немқұрайлылық танытты деп ойлау - түсініспеушілік", - дейді құқық қорғаушы Индира Какимова.
Оның айтуынша, студенттермен бұл жағдайға қатысты әңгімелесу қажет.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931886-sqo-da-medicina-salasyndagy-studentterdin-azili-kopsilikke-zaqpai-qaldy-video/