Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бір ай бұрын СҚО-ға отбасымен көшіп барған жігіт ол жақта өзінің не байқағанын ашық айтты

Опубликовано:

Бурахан Дақанов1
Бурахан Дақанов отбасымен/фото: жеке мұрағаттан

Жаз соңында Солтүстік Қазақстан облысына көшіп барған қоғам белсендісі Бурахан Дақанов жаңа мекендегі алғашқы күндері қалай өтіп жатқанын баяндады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданына қоныстанған азамат өзімен бірге тағы бірнеше отбасын ерте келген.

Бурахан Дақанов "Теріскейге көш" атты Telegram арнасы арқылы әлі талай адамның артынан еретініне сенімді. Қоғам белсендісі ретінде көзге түскен жігіт солтүстікке біржола қоныс тепкеніне өкінбейді.

"Үкімет басында солтүстікке қоныс аудару туралы айтыла бастағанда мен де әлеуметтік желілерде насихат жүргізуді қолға алдым. Бірақ көш-көш деп құр ауызбен айтқаннан көп нәрсенің өзгермейтінін түсіндім. Үлгі болуы үшін өзімде көшетінімді айттым. Көшіп келдік. Жақсы орналастық. Үй берді. Адам басына беретін 204 мың теңгеден жәрдемақысын да алдық. Қысқасы, үйреніп кетеміз деген ойдамыз. Қасымда мен арқылы көшіп келген 3-4 отбасы бар", - дейді Бурахан Дақанов.

"Теріскейге көш" деп оңтүстік жұртын үгіттеп жүрген азамат алдағы уақытта Шал ақын ауданында мал өсіретін орталық ашпақ ниетте. Оған ауданнан жер де қарастырып жатқанын жеткізді.

Осы тұста Бурахан Дақанов ел президентінің соңғы жолдауында айтылған оңтүстіктен солтүстікке көшкендерге толық жағдай жасау мәселесіне байланысты өз ойын айтты. Оның сөзінше, солтүстік аймақта тұрып жатқан жергілікті халықтың да жағдайы мәз емес. Қоғам белсендісі солтүстік аймақтағы халықты алаламай, бәріне бірдей жағдай жасау қажет деп есептейді.

"Солтүстікке адам көшіруден бұрын солтүстікте адам неге аз деген сұрақтың жауабын тауып, салдарымен емес себебін жоюға күш салу қажет. Шындығында жергілікті жерден көшіп жатқан тек қана орыстар емес, қаракөз қандастар да жетерлік. Неге? Өйткені жастарды ұстап қалар дүниелер жоқтың қасы. Ал ұлдарына байланған әке-шеше ұл кетсе артынан бармай ма?

Үкімет үй берді. Үй жақсы, ішіне су кіргізді, адам басына беретін бір реттік қаржылай көмектері де бар. Бизнес жасаймын десең мүмкіндікте жетерлік. Бірақ осында 10-20 жыл бойы тұрып келе жатқан адамдардың үйлері тозудың аз-ақ алдында. Міне наразылық қайдан туады. Шешімі - үкімет жұртқа теңдей қарап, солтүстіктің жағдайын барынша дамытуға біркелкі күш салсын", - дейді Бурахан Дақанов.

Солтүстікке көштің басы-қасында жүрген азамат ретінде ол тағы бір мәселені көтерді.

Айтуынша, қазір солтүстікке көшу процесі ретсіз жүріп жатыр. Бурахан Дақанов өзі алаңдайтын бірнеше нақты мәселеге тоқталды.

"Теріскейге көшті үгіттеудің бір шетінде жүрген мен бұл көштің ретсіз кетіп бара жатқанын көріп жүрмін. Күніне маған 10 шақты адам хабарласып, мұңын айтады. Біреу жұмыс бар деп келген, жұмыс жоқ, ал біреу көшіп келгелі бір жыл болса да дәретханасы салынбаған.

Тағы бір қызық, біздің ауылға екі балалы отбасы көшіп келіп, көрші үйге қоныстанды. Бір аптадан соң Шымкенттен 6 балалы отбасы келді. Берілген үйлер стандарт. Амал жоқ сол үйге қоныстанды. Айтқым келгені - бізге осы көшке байланысты халықпен үкіметтің арасына көпір болатын бір ақпараттық орталық керек. Үкімет осы бір дүниені жасауға қолдау берсе, өз басым басы қасында жүріп- жобаның толық іске асуын өз мойныма алуға дайынмын", - дейді Бурахан Дақанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931933-bir-ai-buryn-sqo-ga-otbasymen-kosip-bargan-zigit-ol-zaqta-ozinin-ne-baiqaganyn-asyq-aitty/

pixel