Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Маңғыстау әкімдігі: Төтенше жағдай жариялауға заңды негіз жоқ

Опубликовано:

мал шаруашылығы
Фото: Facebook/Зеріп Айтжанова

Бүгінгі брифинг кезінде Маңғыстау облысының билігі қуаңшылық пен жемшөп тапшылығына байланысты өңірде төтенше жағдай режимін жариялауға заңды негізгі жоқ екенін мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, өңірде 600 ірі шаруа қожалығы мен 6 мыңға жуық жеке үй қожалықтарына қаржылай қолдау көрсетілген.

Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға қаржылай қолдау көрсету үшін үкімет резервінен 1,9 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі таңда бөлінген қаражаттың 57% игерілген.

Әкімдіктің мәліметінше, шаруаларды жем-шөппен қамтамасыз етіп, мал азығы тапшылығын жою мақсатында бірқатар жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.

Облыс бойынша 636 824 бас мал тіркелген. Олардың 1163-і (жалпы санының 0,18%) өлген.

Сонымен қатар, әкімдік өңірлік төтенше жағдайлар департаменті ауа ылғалдылығын тексеру жұмыстарын жүргізгенін де атап өтті.

"Нәтижесі төтенше жағдай жариялау шарттарына сәйкес келген жоқ. Сондай-ақ, жануарлар арасында улану мен жұқпалы ауруға шалдығу дерегі тіркелмеді және өсімдіктер зиянкестерден зақымданбаған, яғни төтенше жағдай жариялауға заңды негіз жоқ" , - дейді ведомстводан.

Одан бөлек, облыс әкімдігі қазір өңірде қысқы мал азығының қорын дайындау жұмыстары қызу жүріп жатқанын да айта кетті.

"2021 - 2022 жылдарға өңірдегі төрт түлікті қыстық мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында, премьер-министр Асқар Маминнің тапсырмасына сәйкес, бюджеттен қайтарымды қаражат ретінде мал азығына 5,3 млрд теңге қаржы бөлінді. (1,9 млрд теңге – шөп, 3,4 млрд теңге – жем). Бұл қаржыға жыл соңына дейін 26 мың тонна шөп пен 34 мың тонна жем сатып алынады деп жоспарлануда", - дейді облыс әкімдігінен.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін үкімет басшысы Маңғыстау облысындағы құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлік шаруашылықтарға көмек көрсетуді тапсырған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932014-mangystau-akimdigi-totense-zagdai-zariyalauga-zandy-negiz-zoq/

pixel