RU

"Басынан үш бала теуіп жатқанын көрген": Оралда ұлынан айырылған ата-ана жанайқайын жеткізді

Қылмыс орны74
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Оралда кісі қолынан қаза тапқан жігіттің туыстары кінәлілердің түгел жазалануын талап етіп отыр деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Марқұмның жақындарының айтуынша, полиция күдікті ретінде бір адамды ғана ұстаған, ал қалған күдіктілер әлі бостандықта жүр.

Туыстарының сөзіне сенсек, марқұм түнгі клубта әлдекімдермен төбелесіп қалған ауылдасына араша түсуге барған. Бірақ оған бірнеше жігіт жабылып, аяусыз сабап өлтірді дейді әпкесі.

Марқұмның артында анасы, үш баласы мен жары қалды.

"Қара күші бар, ешкімге әл бермейді ол деген. Артынан соғып тұр ғой, не болса да. Бір танысы басынан үш бала теуіп жатқанын көрген. Теуіп өлтіріп тұр ғой. Қазір ұсталып отырған тек қана бір адам. Ал ол жерде групповой, групповой деген жазасын көп жылдан алады. Әдейі бір адамды ғана ұстап отыр. Бір адамның мойнына ілейін деп отыр", - дейді марқұмның әпкесі Эльвира Шарипова.

Полицияның дерегінше, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер анықталып жатыр. Әзірге аса ауыр қылмысты жасады деген күдікпен бір адам ұсталған. Ол тергеу барысында кінәсін мойындаған көрінеді.

"Жаппай төбелес болғаны расталған жоқ. Бірақ бірнеше адамның өзара сөзге келгені анықталды. Көшеде екі адам төбелескен. Жәбірленуші алған соққыдан жерге құлап, сол жерде көз жұмған. Қазір Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Күдікті қазір қамауға алынды", - дейді БҚО ПД Баспасөз қызметінің жетекші маманы Мөлдір Садырғалиева.

Е. Карин

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932071-basynan-us-bala-teuip-zatqanyn-korgen-oralda-ulynan-aiyrylgan-ata-ana-zanaiqaiyn-zetkizdi/